Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі

0 10

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясына қатысып, білім беру жүйесінің алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерін айқындады.

Мәні мен маңызы зор іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице- министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен жас педагогтер жиналды.
Конференция аясында колледж студенттері мен мектеп оқушыларының жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Жиын барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бейнеқұттықтауы көрсетіліп, «Адами капиталдың сапасын дамытудағы білім берудің өңірлік жүйесі» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер таныстырылды.
Өңір басшысы өз сөзінде білім сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайту, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту және еңбек нарығына қажетті кадр даярлау мәселелеріне тоқталды.
Биыл облыстың білім беру саласына 362,5 млрд теңге бағытталды. Бұл өңір бюджетінің 50 пайыздан астамын құрайды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен жабдықталған 7 мектеп іске қосылып, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар биыл 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде 5 мектеп және 9 жапсарлас құрылыс бар.
Пленарлық отырыста білім беру саласының өзекті бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Цифрлық жаһандану дәуірінде педагогтерді даярлау» тақырыбында сөз сөйлесе, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова бала құқықтарын қорғау және білім беру ортасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар парасаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және академиялық адалдық мәселелері қозғалды. Бұл бағытта облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Көпдікбаев баяндама жасады.
Жиында «Halyk» қайырымдылық қорының атынан білім басқармасына 10 автокөліктің кілті табысталды. Сондай-ақ білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтер мен қызметкерлер құрметке бөленді.
Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен – 4 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 3 педагог, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен – 5 педагог марапатталды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің Құрмет грамотасына – 5 педагог, Алғыс хатына – 5 педагог, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс әкімінің Құрмет грамотасына – 7 қызметкер, Алғыс хатына – 5 қызметкер ие болды.
2026 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға 68 млн теңгенің сертификаты берілді.
«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен мектептер, колледждер және мектепке дейінгі ұйымдар марапатталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі білім саласының алдына қойылған міндеттердің ауқымды екенін атап өтіп, педагогтерден кәсібилік, жауапкершілік, талапшылдық және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс- ты күтетінін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.