Өз азаматтық ұстанымын білдіру үшін учаскеге келгендердің қатарында өнегелі жұп Алтай Ажакаев пен Әзиза Әсібек те бар.
Олар тәуелсіздік жылдарында өткен сайлаулардың бірін де мүлт жібермей, әрдайым өздерінің азаматтық таңдауын жасап келеді. Бұл жолы да дәстүрден жаңылмай Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын білдіру мақсатында сайлау учаскесіне арнайы келген.
Сайлаушылардың айтуынша, сайлауға қатысу әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігінің маңызды бөлігі.
– Сайлауға қатысу әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі деп білемін. Тәуелсіздік алғаннан бері бірде-бір сайлаудан қалған емеспіз. Себебі әр сайлау еліміздің болашағына әсер ететін маңызды таңдау. Өз дауысымызды беру арқылы ел дамуына деген көзқарасымызды білдіреміз», – деді Алтай Қабылұлы.
Ал отанасы Әзиза Байділдақызы:
«Сайлауға қатысу біз үшін қалыптасқан азаматтық дәстүр. Жастардың да сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасағанын қалаймыз. Елдің ертеңі әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады. Сондықтан әр азамат өз құқығын пайдаланып, дауыс беруге келуі керек деп ойлаймын», – деп ойымен бөлісті.
Ұлағатты жұпқа сайлауға қатысып, азаматтық белсенділік танытқаны үшін арнайы естелік сыйлық тарту етілді.