Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

18 жасар тараздық Сымбат Амантай алғаш рет дауыс берді

0 32
Тараз қаласындағы №36 орта мектепте орналасқан №68 сайлау учаскесінде де саяси науқан қызу өтіп жатыр. Мұнда барлығы 2 039 сайлаушы тіркелген. Таңертеңнен бері учаскеге келіп, өз таңдауын жасап жатқан тұрғындардың қарасы қалың. 9.30 дағы жағдай бойынша 64 адам өз таңдауын жасап үлгерген.Солардың бірі — Сымбат Амантай.

Жақында ғана 18 жасқа толған Сымбат бүгін өмірінде алғаш рет сайлауға қатысып, өзінің азаматтық құқығын пайдаланды. Жас сайлаушы үшін бұл — жауапкершілігі мол, есте қаларлық күн.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Себебі 18 жасқа толып, алғаш рет сайлауға қатысып отырмын. Өз таңдауымды жасау — мен үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат өз дауысының маңызын түсініп, елдің болашағына бейжай қарамауы керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта да еліміздің қоғамдық өміріне белсенді араласқым келеді», — деді Сымбат Амантай.

Ал №68 сайлау учаскесіндегі ең үлкен жастағы сайлаушы — 1939 жылы туған Борис Хаметов. Жасы үлкен болғанына қарамастан, ол азаматтық ұстанымын білдіріп, сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Бұл — әр азаматтың ел өміріне араласуы жас ерекшелігіне қарамайтынын көрсететін тағылымды мысал.

Сайлау учаскесіне таңертең ертемен, учаске ашылған сәттен бастап ең бірінші болып келген сайлаушы — Аманбаев Ізтілеу. Ол дауыс беру басталған алғашқы минуттардың өзінде азаматтық міндетін орындап, өз таңдауын жасады.

Сондай-ақ сайлау учаскесіне отбасымен бірге келген тұрғындар да аз емес. Олардың қатарында ерлі-зайыптылар Асланбек Бақберді мен Алтынай Рахымжанова бар. Жұбайлар сайлауға бірге қатысып, азаматтық таңдауларын жасады. Мұндай көріністер отбасы мүшелерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуының маңызын көрсетеді.

Сайлау учаскесінде алғаш рет дауыс берген жас сайлаушы Сымбат Амантайға және таңертең учаске ашылған сәттен бастап бірінші болып келген сайлаушы Аманбаев Ізтілеуге естелік сыйлық табысталды.

Жалпы, №68 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысы тұрғындардың азаматтық белсенділігі мен сайлау мәдениетінің жоғары екенін көрсетті. Бір учаскеде әртүрлі жастағы азаматтардың басын қосқан бұл күн — аға буынның тәжірибесі мен жас ұрпақтың азаматтық жауапкершілігі сабақтасып жатқанын аңғартты. Әр азаматтың өз таңдауын жасауы — елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысудың маңызды көрінісі.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауында дауыс беру еліміз бойынша және шетелдегі өкілдіктерде ашылған жалпы 10 423 сайлау учаскесінде ұйымдастырылады. Оның ішінде әлемнің 61 шет мемлекетіндегі Қазақстан өкілдіктері жанынан 79 учаске жұмыс істейді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.