Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Адалдықтың сыналар сәті

0 73

Біздің күнделікті тіршілігіміз сауда-саттықпен, өзара алыс-беріспен және адал еңбекпен тығыз байланысты. Ислам діні адамның дүниелік тіршілігін де, рухани өмірін де тең ұстайтын кемел дін болғандықтан, сауда мәдениетіне ерекше мән береді. Құран Кәрімде сауда-саттыққа қатысты ондаған аят түсіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде адал сауданың қағидалары жан-жақты баяндалған.

Исламдағы сауда – тек табыс табудың құралы емес, аманат, жауапкершілік, әділдік және адамгершілік сынды қасиеттер сыналатын сәт. Мұсылман саудагердің басты мақсаты тек пайда табу емес, адал ризыққа қол жеткізу, адамдардың разылығына бөлену және ең бастысы Алла Тағаланың разылығы болуы керек.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір сауда орындарында тұтынушыны алдау, таразыдан жеу, жалған жарнама жасау, сапасыз тауарды сапалы деп сату, жасанды қымбатшылық қалыптастыру сияқты келеңсіз көрініс- тер кездеседі. Мұндай әрекеттер қоғамдағы сенімді әлсіретіп, берекені қашырады. Сондықтан саудадағы адалдық мәселесі әрбір мұсылман үшін аса маңызды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шыншыл әрі сенімді саудагер Қиямет күні пайғамбарлармен, шыншылдармен және шаһидтермен бірге болады», – деген. (Тирмизи). Бұл хадис адал саудагердің дәрежесінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Өйткені сауда – күн сайын адамның ар-ожданы сыналатын сала. Пайда табуға мүмкіндік көп болғанымен, адалдықтан айнымайтын адам Алланың ерекше сыйына лайық болады.
Саудадағы адалдықтың ең маңыз- ды шарттарының бірі – өлшеу мен таразының дұрыстығына мән беру. Алла Тағала: «Өлшеген кезде толық өлшеңдер әрі тура таразымен тартыңдар. Бұл – қайырлы әрі нәтижесі жақсы» («Исра» сүресі, 35-аят), – деп бұйырған.
Алла Тағала бұл бұйрығы арқылы адамдардың өзара қарым-қатынасында адалдықтың үстем болуын қалайды. Өйткені қоғамдағы береке мен тыныштық әділ саудадан басталады. Аяттағы «толық өлшеңдер» деген бұйрық әрбір сатушыға, өндірушіге және қызмет көрсетушіге қатысты. Бұл тек таразыға салынатын заттарға ғана емес, кез келген сауда мәмілесіне ортақ қағида. Имам әт-Табари бұл аятты түсіндіре отырып: «Алла адамдарға өзгелердің ақысын кемітпей, өз міндеттерін толық орындауды бұйырды», – дейді. Яғни сатушы тауарды өлшегенде сатып алушының ақысына қиянат жасамауы керек. Адам өзіне толық өлшемді қаласа, өзгеге де дәл сондай әділдік көрсетуге міндетті. Бұл әмір мұсылманның ар-ожданына бағытталған. Себебі таразының басында тұрған кезде ешкім көрмесе де, Алла Тағала бәрін көріп тұр.
Тағы бір аятта: «Өлшеуде кемітушілерге қасірет болсын!» («Мутаффифин» сүресі, 1-аят), – делінген. Бұл – саудадағы әділетсіздікке қарсы түскен ең қатаң ескертулердің бірі. Тәпсір ғалымдарының айтуынша, адамдар өзіне келгенде толық өлшеп алғысы келеді, ал өзгеге сатқанда кемітіп береді. Бұл – иманға қайшы әрекет.
Бүгінгі таңда бұл тек таразымен ғана шектелмейді. Тауардың салмағын, көлемін, құрамын, жарамдылық мерзімін, сапасын жасыру да осы аяттың аясына кіреді. Тауардың кемшілігін жасыру – мұсылманға жат қасиет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні азық-түлік сатып тұрған адамның жанына келеді. Астықтың сыртын сипағанда бәрі құрғақ болғанымен, қолын ішіне салғанда дымқыл екенін байқайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұны неге үстіне шығармадың? Кімде-кім алдаса, ол бізден емес», – деген. Бұл – Исламдағы тұтынушы құқығын қорғайтын ең маңызды қағидалардың бірі. Егер сатушы тауардың кемшілігін білсе, оны міндетті түрде сатып алушыға айтуға тиіс. Әйтпесе, ол жасаған саудасында береке болмайды.
Исламда кәсіпкер халықтың сеніміне ие болуға тиіс. Ол уәдесінде тұрса, келісімшартты бұзбаса, уақытында жеткізсе, сапалы өнім ұсынса, қызметкерлердің еңбекақысын кешіктірмесе, салық пен заң талаптарын орындаса, тұтынушының құқығын құрметтесе кәсібі берекелі болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жұмысшының ақысын маңдай тері кеппей тұрып беріңдер», – деген. Бұл хадис жұмыс берушінің де үлкен жауапкершілік арқалайтынын көрсетеді.

Үсен СӘУІРБАЕВ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.