Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Төлеген» шаруа қожалығы: үш онжылдықтағы еңбек пен дамудың нәтижесі

0 26

Ауыл шаруашылығында тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін тек жер мен техниканың болуы жеткіліксіз. Оның артында жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе, тынымсыз еңбек, дұрыс жоспарлау және шаруашылықты заман талабына сай дамытуға деген ұмтылыс тұрады. Жуалы ауданындағы Түктібай ауылында орналасқан «Толеген» шаруа қожалығының бүгінгі жетістігі – осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы шаруашылықтың тарихы 1995 жылдан басталады. Алғашында «Тырнақбай» атауымен жұмысын бастаған қожалықтың қарамағында небәрі 20 гектар егістік жер мен қолдан құрастырылған бір трактор болған. Арада отыз жылға жуық уақыт өткенде шаруашылықтың жер қоры шамамен 500 гектарға дейін ұлғайып, мал және егін шаруашылығын қатар дамытқан көпсалалы агроқұрылымға айналды.

Бүгінде шаруашылықтың негізгі бағыттарының бірі – өсімдік шаруашылығы. Биыл 450 гектар алқапқа түрлі дақылдар егілді. Оның ішінде 100 гектарға «Байшешек» сұрыпты жаздық арпа, 70 гектарға мақсары, 60 гектарға сүрлемдік жүгері орналастырылған. Сонымен қатар мал азығы қорын нығайту мақсатында 130 гектарға жоңышқа, 40 гектарға эспарцет егілген.

Шаруашылық үшін жемшөп дайындау науқаны ерекше маңызға ие. Таулы аймақта қыс мезгілі ұзаққа созылатындықтан, малды қыс бойы сапалы азықпен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Осыған байланысты қожалықта шөп шабу жұмыстары маусым айының алғашқы онкүндігінен басталып, бүгінде қызу жалғасуда.

Биылғы көктем мен жаздағы жауын-шашынның мол болуы көпжылдық шөптердің жақсы өсуіне әсер еткен. Кей жерлерде шөптің биіктігі мен қалыңдығы соншалық, оны шабу кезінде техникаға қосымша қиындықтар туындаған. Соған қарамастан шаруашылық жұмысшылары өнімді ысырапсыз жинап алуға бар күшін салуда.

Жиналған шөп арнайы құрал-жабдықтың көмегімен ұсақталып, кейін шаруашылық базасына жеткізіледі. Науқан кезінде онға жуық адам тұрақты жұмысқа тартылған. Шөп шабу мен жемшөп дайындау жұмыстарына шаруашылықтағы тракторлар, шөп шабатын машиналар, жемшөп ұсақтағыштар, пресс-жинағыштар, тіркемелер және жүк көліктері толық жұмылдырылған.

Шаруашылық басшысы Мейірбек Толегеновтің айтуынша, биылғы егін маусымы жоспарға сай жүріп жатыр. Көктемгі дала жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталып, топырақтағы ылғал тиімді пайдаланылған. Техникалар маусым басталғанға дейін жөндеуден өткізіліп, жұмысқа дайындалған. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен берілетін дизель отынын уақытылы алу да маусымдық жұмыстарды кідіріссіз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

«Толеген» шаруашылығының тағы бір маңызды бағыты – мал шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 150-ге жуық ірі қара бар. Оның 80-і – сауынды сиыр. Малдың өнімділігін арттыру және сапалы азықпен қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықта жемшөп дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.

Шаруашылықта мал тұқымын асылдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіледі. 2019 жылы Мейірбек Толегенов Чехия Республикасынан симментал тұқымды 64 бас асыл тұқымды қашар әкелген. Мал жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделіп, бүгінде шаруашылықтағы өнімді табынның негізін құрап отыр.

Бұл жобаны жүзеге асыруға «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы мүмкіндік берген. Бағдарлама аясында алынған жеңілдетілген несие есебінен асыл тұқымды мал сатып алынып, шаруашылықтың мал басын жаңғыртуға жол ашылды.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесі де байқалады. Асыл тұқымды малдан жыл сайын төл алынып, сүт өндірісінің көлемі тұрақты өсіп келеді. Сауын сиырларға қолдан ұрықтандыру технологиясының енгізілуі де малдың тұқымдық және өнімділік көрсеткіштерін жақсартуға ықпал еткен.

Қазір сауым маусымының қызған кезінде шаруашылық тәулігіне бір тоннадан астам сүт өндіреді. Өнім тұрақты түрде аудан орталығында орналасқан «СМТС» ЖШС сүт өңдеу кәсіпорнына өткізіледі. Осылайша шаруашылық жергілікті сүт өндірісінің дамуына үлес қосып, өңдеу кәсіпорнын сапалы отандық шикізатпен қамтамасыз етіп отыр.

Сүт бағытындағы жұмыстармен қатар, шаруашылық ет өндірісін де дамытып келеді. Жыл сайын мұнда 50-60 бас шамасында екі жасар бұқашық бордақыланып, кейін ішкі нарыққа өткізіледі. Бұл бағыттағы өндіріс көлемін арттыру мақсатында биыл шаруашылық қой шаруашылығын дамытуға кірісті.

Осы мақсатта Байзақ ауданындағы мамандандырылған шаруашылықтан гиссар тұқымды мыңнан астам қой сатып алынған. Қазіргі таңда жаңа мал басы шаруашылықтың жайылымдарында өсіріліп, саны біртіндеп көбейіп келеді. Алдағы уақытта қой шаруашылығын да табысты бағыттардың біріне айналдыру көзделіп отыр.

Шаруашылықтың алдағы жоспарларының қатарында өндіріс тізбегін толықтыру да бар. Мал басы мен өндіріс көлемі артқан жағдайда өндірістік база маңынан заманауи мал сою пунктін салу жоспарлануда. Бұл өз өнімін толық цикл бойынша өндіруге және өңдеуге мүмкіндік беріп, шаруашылықтың экономикалық тиімділігін арттыра түспек.

Бүгінде «Толеген» шаруашылығының жемшөп базасы мал басын қыс бойы қамтамасыз етуге жеткілікті деңгейде қалыптасқан. Шаруашылықта ірі және ұсақ мал ұстауға арналған бірнеше кең әрі қажетті жағдай жасалған қора-жай бар. Техникалық базаның қалыптасуы мен өндірістік нысандардың болуы алдағы уақытта мал басын одан әрі көбейтуге мүмкіндік береді.

Шаруашылықтың техника паркі де ауқымды. Мұнда МТЗ-80, МТЗ-82, МТЗ-892.2 және МТЗ-952 үлгісіндегі жеті «Беларус» тракторы, Қытайда өндірілген төрт LOVOL тракторы, екі «Нива СМ-5» астық жинайтын комбайны, КамАЗ жүк көліктері және басқа да ауыл шаруашылығы техникалары бар. Бұған қоса шөп пен сүрлем дайындауға арналған қажетті агрегаттар мен тіркемелер толықтырылған.

Шаруашылық өз қаражаты есебінен «Беларус» жемшөп жинайтын комбайнын да сатып алған. Бұл техника сүрлемдік жүгеріні жинау және мал азығын дайындау жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

«Толеген» шаруа қожалығының отыз жылға жуық тарихы – ауылдағы кәсіптің бір күнде қалыптаспайтынын көрсететін еңбек жолы. 20 гектар жер мен бір трактордан басталған шаруашылық бүгінде жүздеген гектар алқапты игеріп, мал басын көбейтіп, сүт пен ет өндірісін дамытып, жаңа бағыттарға қадам басып отыр.

Егін және мал шаруашылығын қатар алып жүру, өз жемшөп базасын қалыптастыру, асыл тұқымды мал өсіру, техниканы жаңарту және жаңа өндірістік жобаларды жоспарлау – қожалықтың тұрақты дамуға бағыт алғанын аңғартады.

Ауыл шаруашылығының берекесі – жерге жасалған еңбектің нәтижесінде. Ал «Толеген» шаруа қожалығының тәжірибесі табандылық пен дұрыс ұйымдастырылған жұмыстың арқасында шағын шаруашылықтың ірі әрі көпсалалы өндіріс орнына айнала алатынын көрсетеді. Мұндай кәсіпкерлердің еңбегі ауыл экономикасын нығайтып қана қоймай, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жергілікті өндірістің әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.