Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда бала тууына байланысты қандай жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға болады?

0 52

Бала дүниеге келгеннен кейін қазақстандық отбасылар мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Бала туған кезде қандай жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға болатыны және оларды тағайындауға өтінішті қалай беру керектігі туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалында айтып берді.

Қазақстанда бала дүниеге келген отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі қарастырылған. Жұмыс істемейтін ата-аналарға бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген жұмыс істейтін азаматтар бала тууына байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақымен қатар, жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді, сондай-ақ бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемді ала алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында өңір тұрғындарына бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша 15 394 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындауға өтінішті бірнеше тәсілмен беруге болады: электрондық үкімет порталы, банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында. Сонымен қатар, баланың тууын проактивті мемлекеттік қызмет арқылы тіркеген кезде, өтініш берушінің келісімі расталғаннан кейін жәрдемақыларды тағайындау автоматты түрде жүзеге асырылуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.