Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қызметке адал болу – көркем мінездің көрінісі

0 73

Асыл дініміз мұсылман баласын көркем түрде құлшылық етумен қатар адал еңбек етуге, қызмет әдебін сақтауға тәрбиелейді. Мұсылманның түсінігі бойынша қызмет ету тек нәпақа табу емес, ең әуелі Алланың разылығына жеткізетін амал. Қазіргі қоғамда адал табыс табу, қызметтік міндетті жауапкершілікпен орындау, ел игілігі үшін шынайы еңбек ету сынды адамгершілік қасиеттер әрқайсымызға ауадай қажет.

Қоғамның дамуы, халықтың әл-ауқатының көтерілуі, адамдар арасындағы сенім мен өзара құрмет сынды жетістіктер әрбір азаматтың өз міндетіне адал болуына тікелей байланысты. Сондықтан қызметке адал болу иманның, көркем мінездің және мұсылмандық жауапкершіліктің белгісі деуге болады.
Қасиетті кітабымыз Құранда: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айт- қандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады…» («Ниса» сүресі, 58-аят), – деп бұйырылған. Бұл аят аманатқа қатысты ұғымның бәрін қамтып тұр. Демек Алланың бұл әмірі жауапкершілік алғандарға қатысты айтылған. Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыздың пікірінше, бұл аят Алла мен адамдардың ақысына қатыс- ты түскен.
Расында басшылық, қызмет сынды жауапкершіліктер бізге берілген аманаттар екенін ұмытпау қажет. Мұғалім оқушысына дұрыс білім мен тәрбие берсе, дәрігер өзінің алдына келген науқасты дұрыс емдесе, мемлекеттік қызметкерлер халыққа лайықты қызмет етсе, кәсіпкер адал сауда жасаса, дін қызметкерлері жоғары дәрежеде жұмыс істесе өздіріне жүктелген аманатты адал атқарған болып саналады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауа- ты мен сәлемі болсын): «Әрқайсыларың бақташысыңдар және әрқайсың өз қарамағындағылар үшін жауаптысыңдар», – деген. Бұл хадис әр адамның атқарып жүрген қызметіне жауапкершілікпен қарауы қажеттігін көрсетеді. Өкінішке қарай, кейде жұмыс уақытын босқа өткізу, тапсырманы салғырт орындау, мемлекет мүлкін жеке мақсатқа пайдалану, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану сияқты келеңсіз әрекеттер кездеседі. Мұндай іс-әрекеттер тек заң алдында ғана емес, Алланың алдында да үлкен жауапкершілік жүктейтінін естен шығармаған жөн.
Ислам діні еңбекті ерекше бағалайды. Адал жолмен табылған ризық ең таза әрі ең берекелі ризық ретінде саналады. Алла Тағала былай дейді: «Адамға өзінің еңбегінің ғана жемісі тиесілі» («Нәжм» сүресі, 39-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ешбір адам өз қолымен тапқан ризығынан артық ас жеген емес», – деген. Бұл хадис адал еңбекпен күн көрудің қадірін білдіреді. Біздің ата-бабаларымыз да: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбекқорлықты насихаттаған. Өйткені адал еңбек адамның абыройын арттырады. Ал адал емес табыс уақытша пайда әкелгенімен, оның берекесі болмайды. Араммен келген дүние адамның жүрегін қарайтып, отбасының берекесін кетіреді.
Қазақ халқы адал еңбек пен адалдықты ерекше бағалаған. Абай Құнанбайұлы атамыз: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас», – десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл, Үшеуі болса, адам боласың», – деген өсиет қалдырған. Бабаларымыздың бұл сөздері Исламның еңбек туралы ұстанымымен толық үндеседі.
Қызметке адалдық – мұсылманның көркем мінезінің көрінісі. Өз ісін адал атқарған жан елдің сеніміне ие болады, отбасының берекесін арттырады, қоғамның дамуына үлес қосады әрі Алланың разылығына жетеді. Әрбір мұсылман жұмысын құлшылық ретінде санаса, уақытын қадірлесе, аманатқа қиянат жасамаса, халықтың ақысын жемесе, кәсіби шеберлігін жетілдірсе, әділдік пен шыншылдықты өмірлік ұстаным етсе өзі де, өзі өмір сүріп отырған қоғам да дами түседі. Алла Тағала баршамыз- ды адал еңбек ететін, аманатқа берік, қызметіне жауапты, халқына қалтқысыз қызмет ететін пенделерінің қатарынан етсін!

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.