Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жаңа идеология – жаңа қоғамның негізі

0 33

Кез келген ауқымды реформа ең алдымен қоғамның саналы көзқарасы мен ортақ құндылықтарына сүйенеді. Сондықтан жаңа идеологияның басты мақсаты – азаматтарды бір мақсатқа жұмылдырып, ұлттық құндылықтарға негізделген жауапты қоғам қалыптастыру. Бұл – қысқа мерзімде жүзеге асатын науқан емес, жүйелі әрі үздіксіз жүргізілетін ұзақ мерзімді үдеріс.
Бүгінде Құрылтай ұсынатын негізгі құндылықтар Мемлекет басшысы айқындаған «Адал азамат» тұжырымдамасымен сабақтасып жатыр. Бұл бастама еңбекқорлықты, адалдықты, кәсібилікті, жауапкершілікті және Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналдыруды көздейді.
Осы мақсатта тәрбие беру жүйесі де жаңғыртылып, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы жаңа мазмұнға ие болды. Бұрынғы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» бағдарламасы ретінде қайта құрылымдалып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, еңбекқорлықты және қоғамдық жауапкершілікті сіңіруге бағытталды.
«Әділ Қазақстан» тұжырымдамасының өзегінде де саналы, жауапты әрі белсенді азамат қалыптастыру идеясы жатыр. Өйткені еліміздегі оң өзгерістердің табысты болуы әрбір қазақстандықтың заңға құрметімен, адал еңбегімен және қоғамдық өмірге белсенді қатысуымен тығыз байланысты.
Осы тұрғыда «Заң мен тәртіп» қағидаты ерекше маңызға ие. Заң талаптарын бұлжытпай орындау, қоғамдық тәртіпті сақтау, айналаны таза ұстау және ортақ мүлікке ұқыпты қарау – құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігі. Мұндай қағидаттарды күнделікті өмір салтына айналдыру қоғамдағы жауапкершілікті күшейтіп, мемлекет тұрақтылығының берік негізін қалыптастырады.
Сонымен қатар қазіргі кезеңдегі басты басымдық – ғылымға, білімге және еңбекке негізделген қоғам құру. Еңбек адамын құрметтеу, білім мен кәсібилікті жоғары бағалау, ысырапшылдық пен даңғойлықтан арылу – жаңа идеологияның негізгі қағидаттарының бірі. Осындай құндылықтар қоғамда орныққанда ғана еліміздің тұрақты дамуына және Әділ Қазақстанды құруға берік негіз қаланады.

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.