Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді

0 22

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді.
Жаңа қағидалар елді мекендердің тазалығын, қауіпсіздігін және сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар мемлекет, кәсіпкерлер мен тұрғындардың жауапкершілігі нақты айқындалды.

– 5 метрлік іргелес аумақты күтіп-ұстау міндеті енгізілді. Егер жергілікті қағидаларда өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлік иелері өз нысанының периметрі бойынша 5 метрге дейінгі аумақтың санитариялық тазалығын қамтамасыз етуі тиіс.

– Құрылыс материалдарын көшеде сақтауға шектеу қойылды. Құрылыс материалдарын тек құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде уақытша орналастыруға рұқсат етіледі. Олар жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі қажет.

– Ауладағы тәртіпке талаптар күшейтілді. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жарамсыз көлік құралдарын қалдыруға және заңсыз тұрақ шектеуіштерін орнатуға тыйым салынады.

– Жасыл желектерді күтіп-ұстауға жауапты тұлғалар нақтыланды. Жалпы пайдаланылатын саябақтар мен гүлзарларға – жергілікті атқарушы органдар, ал тұрғын үй аулаларына – МИБ пен басқарушы компаниялар жауап береді.

– Қоғамдық кеңістіктерге қойылатын талаптар кеңейтілді. Жаяу жүргіншілер жолдары, балалар және спорт алаңдары, сыртқы жарықтандыру, көгалдандыру, кедергісіз орта және қауіпсіз инфрақұрылымға қатысты жаңа талаптар белгіленді.

– Үй жануарларын серуендетудің жаңа тәртібі енгізілді. Иттерді арнайы белгіленген орындарда серуендету ұсынылады. Иелері жануарлардың қалдықтарын дереу жинауға міндетті. Балалар ойын және спорт алаңдарында үй жануарларын серуендетуге жол берілмейді.

Жаңа Үлгілік қағидалардың басты мақсаты – тұрғындар үшін таза, қауіпсіз, жайлы және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру. Таза қала – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.