2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы: мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы нәтижелер
Мемлекеттік қызмет көрсету – азамат пен мемлекеттің күнделікті байланысының ең маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан көрсетілетін қызметтің сапасы, қолжетімділігі және заң талаптарына сәйкестігі халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын басты факторлардың бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат қызметі ең алдымен азаматтардың мүддесіне бағытталуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, бюрократиялық кедергілерді азайту және цифрлық қызметтердің үлесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде Жамбыл облысында мемлекеттік қызметтерді 21 орталық мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі, 11 облыстық басқарма, Тараз қаласы мен облыстың 10 ауданының жергілікті атқарушы органдары көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес өңірде барлығы 373 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде 7 458 152 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 7 299 800 қызмет электрондық форматта ұсынылды. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алу үлесінің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, баламалы қағаз түрінде 145 113 қызмет, ал қызмет берушілер арқылы тікелей қағаз нысанында 9 009 қызмет көрсетілді.
Алайда мемлекеттік қызмет көрсету сапасы тек көрсетілген қызметтердің санымен өлшенбейді. Ең бастысы – азаматтардың құқықтарының сақталуы мен заң талаптарының мүлтіксіз орындалуы.
Осы мақсатта Департамент тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына тұрақты бақылау жүргізіледі. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 13 бақылау іс-шарасы өткізіліп, оның нәтижесінде 6042 заң бұзушылық анықталды. Олардың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, қызмет көрсетудің белгіленген тәртібін сақтамау, негізсіз бас тарту, құжаттар топтамасы толық болмай тұрып қызмет көрсету және артық құжаттарды талап ету фактілері бар.
Анықталған заң бұзушылықтардың әрқайсысы бойынша мемлекеттік органдарға оларды жою жөнінде міндетті ұсынымдар беріліп, заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Есепті кезеңде 15 лауазымды тұлғаға қатысты 26 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1 643 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Департамент жұмысының негізгі нәтижесі – азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 197 қызмет алушының құқықтары қорғалды. Бұл жоспарлы және жоспардан тыс тексерулердің, мониторингтердің және азаматтардың өтініштері бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша 135 жолданым қаралып, олардың негізінде тиісті шаралар қабылданды.Қазіргі таңда азаматтардың пікіріне ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн. Егер көрсетілген мемлекеттік қызметтің сапасына көңіліңіз толмаса немесе заң бұзушылыққа тап болсаңыз, E-otinish немесе EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы шағым қалдыруға болады. Бұл сервис азаматтардың өтініштерін жедел қабылдауға және қысқа мерзімде қарауға мүмкіндік береді. Әрбір шағым бақылауға алынып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда алдын алу шараларының да маңызы зор. Осы бағытта Департаментпен 61 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындарға заңнама талаптары кеңінен түсіндірілді. Бұдан бөлек, ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстарында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған 21 ұсыным қабылданып, толық орындалды.
Департамент жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі – мемлекеттік қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру. Осы бағытта 2026 жылдың есепті кезеңінде жүргізілген бақылау, тексеру және зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 197 мемлекеттік қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері бойынша – 2, жергілікті атқарушы органдар бойынша – 195 қызмет алушының құқығы қорғалды.
Аталған жұмыстар жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, азаматтардың өтініштері бойынша жүргізілген зерделеу және мониторинг нәтижесінде жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, жоспарлы тексерулердің қорытындысы бойынша 170 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімі бойынша – 154, Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары саласы бойынша – 6, Айша-бибі ауылдық округі әкімі аппараты бойынша – 10 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Жоспардан тыс тексерулер барысында 4 қызмет алушының құқықтары қорғалды. Тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту және жұмыссыз ретінде тіркеу кезінде заң талаптарын сақтамау фактілері анықталды.
Сонымен қатар, азаматтардың жолданымдары негізінде мемлекеттік органдардан алынған құжаттарды зерделеу арқылы 20 қызмет алушының, ал мониторинг жүргізу нәтижесінде 3 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша мемлекеттік органдарға оларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгізіліп, қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында нақты шаралар қабылданды.
Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ету. Сондықтан біздің басты міндетіміз – әрбір азаматтың мемлекеттік қызметті заңға сәйкес, кедергісіз және сапалы алуына жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру, цифрлық сервистерді дамыту және азаматтардың құқықтарын қорғау – Департамент қызметінің негізгі басымдықтары болып қала береді.
Сапалы мемлекеттік қызмет – тиімді мемлекеттік басқарудың және халықтың мемлекетке деген сенімінің басты кепілі. Сондықтан заң талаптарын сақтау, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту – баршамызға ортақ міндет.