Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Теңіз әлеміне саяхат!»

0 29

2026 жылғы 16 шілде күні «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Ten Qogam» жобасы аясында, Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен психоневрологиялық аутқуы бар 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Теңіз әлеміне саяхат!» тақырыбындағы «Нептун күні» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қатысушыларға жағымды көңіл күй сыйлай отырып, олардың белсенді қарым-қатынас жасауына, шығармашылық мүмкіндіктерін ашуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және мазмұнды демалыс өткізуіне қолайлы жағдай қалыптастыру болды.

Мерекелік бағдарлама театрландырылған қойылыммен басталды. Қатысушыларды жүргізушілер, Су перісі, Қарақшы және Теңіз патшасы Нептун қарсы алып, барша жұртты қызықты теңіз әлеміне саяхатқа шақырды. Іс-шара барысында көңілді ойындар, би флешмобтары, тақырыптық жұмбақтар, музыкалық ойындар мен су ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытып, ерекше әсерге бөленді. Әсіресе Нептунның келуі мен дәстүрлі су шашу рәсімі мерекенің ең әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Іс-шараға «Мүгедектердің жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ten Qogam» жобасының жетекшісі Дәулетбаева Әйгерім Маратбекқызы қатысып, мереке қатысушыларын құттықтады. Өз сөзінде қатысушыларға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, жаңа жетістіктер мен жарқын әсерлер тілеп, осындай іс-шаралардың мүгедектігі бар азаматтардың қоғаммен белсенді араласуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және өмір сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жылы әрі достық атмосферада өтті. Қатысушылардың жүзіндегі қуаныш пен шынайы күлкі мерекенің сәтті өткенінің айқын дәлелі болды.

«Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп отырған Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына шынайы ризашылығын білдіреді. Осындай қолдаудың арқасында мүгедектігі бар азаматтардың қоғам өміріне белсенді қатысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және инклюзивті ортаның дамуына бағытталған маңызды жобалар табысты жүзеге асырылуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.