Қазақстанда балық шаруашылығы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан аграрлық салалардың біріне айналды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен қаржылық қолдау көлемінің артуы кәсіпкерлердің осы бағытқа қызығушылығын күшейтіп, отандық балық өндірісінің дамуына жаңа серпін беруде. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапалы отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасап отыр.
Жамбыл облысының Меркі ауданында да балық шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Аудан бойынша бұл саланың негізгі орталығы ретінде Андас батыр ауылдық округі ерекшеленеді. Бүгінде аталған елді мекенде 130-дан астам шаруа қожалығы мен 60-қа жуық жеке кәсіпкер ауыл шаруашылығының түрлі бағыттарында еңбек етуде. Солардың қатарында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың да саны артып келеді.
Өңірдегі кәсіпорындардың бірі үш түрлі балық түрін өсірумен айналысып, өндірісті заманауи талаптарға сай жүргізуде. Тиімді ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде кәсіпорын жыл сайын шамамен 80 тоннаға дейін өнім өндіреді.
Қазіргі таңда өндірілген өнім толықтай Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, тұрғындарды сапалы әрі экологиялық таза отандық балық өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жергілікті нарықты дамытуға ғана емес, импортқа тәуелділікті азайтуға да өз үлесін қосуда.
Мемлекеттік қолдау шаралары мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында Меркі ауданында балық шаруашылығының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және өнім түрлерін көбейту арқылы ауданның өңірлік балық шаруашылығы саласындағы үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік мол.