«Адал азамат» жобасы және Ақсақалдар кеңесінің «КәсіпDay» бастамасы аясында өңірлік Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің өкілдері мен этнос жастарының қатысуымен «СӘУЛЕ» кондитерлік фабрикасы» ЖШС-де өндірістік-танымдық экскурсия өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастардың еңбекке деген құрметін арттыру, өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен таныстыру, кәсіптік бағдар беру, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпаққа насихаттау болды.
Өз кезегінде Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов жастарға ізгі тілегін білдіріп, қай салада болмасын адал еңбек пен жауапкершіліктің табысқа жетудің басты кепілі екенін жеткізді. Сондай-ақ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов «КәсіпDay» жобасының негізгі мақсатына тоқталып, бұл бастама жастардың еңбек адамдарына деген құрметін арттыруға, өндірістік кәсіпорындардың қызметімен жақынырақ таныстыруға және кәсіби бағдар беруге бағытталғанын айтты.
Кездесу барысында Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, республикалық дүнген Аналар кеңесінің төрайымы Сауле Даузова сөз сөйлеп, жастарды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу және отбасы құндылықтарын дәріптеудің маңызын атап өтті.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде қатысушылар «СӘУЛЕ» кондитерлік фабрикасының өндірістік қызметімен танысты. Экскурсия барысында фабрика мамандары кәсіпорынның қалыптасу тарихы, өндірістік әлеуеті, заманауи технологияларды қолдану ерекшеліктері және өнім сапасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді. Қатысушылар кондитерлік өнімдердің дайындалу кезеңдерін көріп, өндіріс үдерісімен танысты. Сонымен қатар «СӘУЛЕ» кондитерлік фабрикасы» ЖШС-нің №1 цех бастығы Назиме Момучева өндіріс барысын таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Мұндай өндірістік экскурсиялар жастардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағыт-бағдар береді.
Сонымен бірге, аға буын мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайтып, еңбек адамын құрметтеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы маңызды бастамалардың бірі ретінде ерекше мәнге ие.