Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әлеуметтік қолдау – жас дәрігердің ауылдағы алғашқы қадамына сенімді тірек

0 24

Ауылдық жерлерде халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін білікті жас мамандарды тарту – денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік қолдау бағдарламалары жас дәрігерлердің ауылдық жерлерде тұрақтап еңбек етуіне зор мүмкіндік беріп келеді.

Солардың бірі – Сүйінбек Нұрдәулет Асқанбекұлы. Ол 2022 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін «Жалпы практика дәрігері» мамандығы бойынша тәмамдап, туған елдің денсаулығын нығайту жолында еңбек етуге бел буды.

Бүгінде жас дәрігер Жуалы аудандық орталық ауруханасына қарасты Нұрлыкент дәрігерлік амбулаториясында жалпы практика дәрігері болып қызмет атқарады. Күн сайын ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетіп, профилактикалық жұмыстар жүргізіп, созылмалы ауруларды бақылауда ұстап, науқастардың денсаулығын жақсартуға өз үлесін қосып келеді. Әрбір пациентке жауапкершілікпен қарап, кәсіби білімін тәжірибемен ұштастыра білген жас маман ауыл тұрғындарының сеніміне ие болуда.

Жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Солардың аясында Сүйінбек Нұрдәулет 2025 жылы Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы арқылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 1 200 000 теңге көлемінде көтерме жәрдемақыға ие болды.

Сонымен қатар, Жуалы аудандық әкімдігі тарапынан жас мамандарға арналған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақы берілді. Бұл қолдау ауылға келген жас дәрігердің жаңа ортаға бейімделуіне және алғашқы тұрмыстық қажеттіліктерін шешуге үлкен көмек болды.

Бүгінде жас дәрігер тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған 2 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бюджеттік кредитті алу үшін қажетті құжаттарын тапсырып, заңнамаға сәйкес тиісті рәсімдерден өтуде. Мұндай мүмкіндік ауылдық жерлерде тұрақтап қызмет етуге ынталандырып, жас мамандардың болашаққа деген сенімін нығайтады.

Қазіргі таңда ауыл медицинасының алдында тұрған басты міндеттердің бірі – кадр тапшылығын азайту. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қолға алынған әлеуметтік бағдарламалар тек материалдық қолдау көрсетіп қана қоймай, ауылдық жерлердің кадрлық әлеуетін нығайтуға да бағытталған.

Әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде жас дәрігерлер ауылдық елді мекендерге барып қызмет етуге қызығушылық танытып, өз кәсібін туған өңірдің игілігі үшін жұмсауға мүмкіндік алуда. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуына оң әсерін тигізуде.

Сүйінбек Нұрдәулет секілді білімді, білікті, әрі жауапкершілігі жоғары жас мамандар – ауыл медицинасының болашағы. Оларға жасалып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары тек бір маманның әлеуметтік жағдайын жақсартумен шектелмейді. Бұл – ауылдың денсаулық сақтау жүйесіне салынған ұзақ мерзімді инвестиция, халық денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Алдағы уақытта да мұндай бағдарламалардың ауқымы кеңейіп, жас дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі ауылдық медицинаның сапасын арттырып, өңірлердің тұрақты дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Толқын Өмірбаева,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы
баспасөз қызметінің жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.