Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Этномәдени бірлестіктерге заңнамадағы жаңашылдықтар түсіндірілді

0 20

Тараз қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан Республикасы заңнамасындағы жаңашылдықтар бойынша этномәдени бірлестіктермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қауаныш Мамашев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, Жамбыл облысы бойынша Әділет департаментінің бас маманы Жұлдызай Досмырзаева, сондай-ақ өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – этномәдени бірлестіктерге Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, оларды қолданыстағы талаптармен таныстыру болды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы 2026 жылғы 5 маусымда қол қойған және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының негізгі жаңашылдықтарына кеңінен тоқталынды.
Атап айтқанда, Конституциялық заңға енгізілген жаңа 7-1-бапқа сәйкес этномәдени бірлестіктердің құқықтық мәртебесі, ұйымдық-құқықтық нысаны, қызметінің мақсаттары мен атауына қойылатын талаптар нақты айқындалғаны түсіндірілді.
Әділет департаменті мамандарының айтуынша, Қазақстан этностарының дәстүрлерін, тілдерін және мәдениетін сақтау мен дамыту бағытында қызмет атқаратын коммерциялық емес ұйымдар өздерінің құрылтай құжаттарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруі қажет. Қажет болған жағдайда, мұндай ұйымдар 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта мемлекеттік тіркеуден өтуге міндетті.
Кездесу барысында мемлекеттік қайта тіркеу рәсімдері, қажетті құжаттар тізбесі, өтініш беру тәртібі және заң талаптарын орындау жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, заңнамадағы өзгерістерді іске асырудың практикалық тетіктері талқыланды.
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері этномәдени бірлестіктердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын уақытылы әрі сапалы орындауға және мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.