Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сапалы құбыр Таразда өндіріледі

0 71

Тараздың өндірістік әлеуеті тағы бір маңызды кәсіпорынмен толықты. Жібек жолы ауданына қарасты «Қызылабад» алабында «Polytech Astana» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа өндірістік филиалы салтанатты түрде ашылып, онда 30-ға жуық азамат жұмыспен қамтылды.

Бұл – өңір экономикасына тартылған инвес- тиция көлемінің артып, өнеркәсіп саласының қарқынды дамып жатқанын және отандық өндірісті қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсететін маңыз- ды жоба. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, құрылыс индустриясын сапалы өніммен қамтамасыз етуге, импорт көлемін азайтуға және Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Зауыт толықтай автоматтандырылған заманауи өндіріс желілерімен жабдықталған. Мұнда халықаралық талаптарға сай келетін еуропалық технологиялар қолданылып, өндіріс процесінің барлық кезеңі цифрлық жүйе арқылы бақыланады. «Polytech Astana» ЖШС-нің бас директоры Бағлан Құдияровтың айтуынша, кәсіпорын Қазақстандағы полиэтилен құбырларын өндіретін жетекші отандық өндірістердің бірі саналады. Кәсіпорын шығаратын өнімдер ауызсу құбырларын тартуға, табиғи газ жүйелерін салуға, кәріз және дренаж желілеріне, суару жүйелеріне, сондай-ақ электр және байланыс кабельдерін қорғау- ға арналған. Қазіргі таңда кәсіпорын өнімдері еліміздің көптеген өңіріндегі тұрғын үй құрылыстарында, әлеуметтік нысандарда және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларында кеңінен қолданылып келеді.
Тараз қаласында іске қосылған жаңа өндірістік кешеннің жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Зауытта диаметрі 16 миллиметрден 1 000 миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырларын шығаратын бірнеше жоғары өнімді экструзиялық желі орнатылған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 5 270 тоннадан астам дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш өңірдің ғана емес, еліміздің құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Полиэтилен құбырларын өндіру – жоғары дәлдікті қажет ететін, күрделі технологиялық процестерден тұратын өндіріс. Барлығы жоғары сапалы полиэтилен гранулаларын қабылдау- дан басталады. Арнайы қоймаларға жеткізілген шикізат алдымен зертханалық бақылаудан өтеді. Мамандар оның химиялық құрамын, тығыздығын, балқу индексін және ылғалдылық деңгейін тексереді. Себебі өндірісте қолданылатын шикізаттың сапасы дайын өнімнің беріктігі мен ұзақ қызмет ету мерзіміне тікелей әсер етеді. Барлық көрсеткіштер халықаралық талаптарға сәйкес келген жағдайда ғана шикізат өндіріске жіберіледі. Кәсіпорын шикізатты көршілес Ресей мемлекетінен алдырады екен.
– Келесі кезеңде полиэтилен гранулалары арнайы кептіру құрылғыларында өңделеді. Бұл процесс материал құрамындағы артық ылғалды жою үшін жүргізіледі. Егер шикізат толық кептірілмесе, дайын өнімнің бетінде ақаулар пайда болып, оның механикалық қасиеттері төмендеуі мүмкін. Кептірілген гранулалар өндірістегі ең маңызды құрылғы саналатын экструдерге беріледі. Экструдер ішінде полиэтилен жоғары температураның әсерінен біртіндеп балқиды. Арнайы бұрандалы механизм балқыған массаны қажетті қысыммен қалыпқа қарай итереді. Қалыптың диаметріне байланысты құбырдың өлшемі анықталады. Бұл кезеңде компьютерлік жүйе температураны, қысымды және өнімнің барлық техникалық параметрлерін үздіксіз бақылап отырады. Заманауи жабдықтардың арқасында құбырлардың диаметрі мен қабырғасының қалыңдығы миллиметрдің жүзден бір бөлігіне дейінгі дәлдікпен сақталады. Ал біздегі заман талабына сай жабдықталған техниканың барлығы Германия мен Қытайдан алынған.
Қалыптан шыққан ыстық құбыр вакуумдық калибрлеу құрылғысына өтеді. Мұнда оның геометриялық өлшемдері дәл қалыпқа келтіріліп, сыртқы бетінің тегістігі қамтамасыз етіледі. Кейін құбыр бірнеше сатылы суыту ванналары арқылы өткізіледі. Суық судың әсерінен полиэтилен қатайып, өзінің соңғы механикалық беріктігіне ие болады. Дәл осы кезеңде өнімнің ұзақ жылдар бойы жоғары қысымға төтеп беру қабілеті қалыптасады. Біздің құбырлар шамамен 10 жылдам астам уақыт еш мүдірмей қызмет етеді.
Салқындатылған құбырдың сыртына автоматты таңбалау жүйесі арқылы қажетті ақпарат жазылады. Онда өндіруші кәсіпорынның атауы, өнімнің диаметрі, қысым көрсеткіші, шығарылған күні, стандарт нөмірі және өндірістік партиясы көрсетіледі. Бұл ақпарат әрбір өнімнің сапасын бақылауға және оның шығу тарихын толық қадағалауға мүмкіндік береді, – дейді серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Нұржан Узбаев.
Одан кейін дайын өнім автоматты кесу құрылғылары арқылы белгіленген ұзындықтарға бөлінеді немесе шағын диаметрлі құбырлар арнайы барабандарға бірнеше жүз метр болып оралады екен. Әрбір дайын өнім қоймаға жөнелтілмес бұрын қайтадан зертханалық сынақтан өтеді. Мұнда құбырлардың қысымға төзімділігі, созылу беріктігі, қабырғасының қалыңдығы, герметикалығы, соққыға беріктігі және ұзақ мерзімді пайдалану мүмкіндігі тексеріледі. Тек барлық талаптарға толық сәйкес келген өнім ғана тұтынушыларға жөнелтіледі.
Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да айтарлықтай әсер етеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 28 тұрақты жұмыс орны ашылып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Бұл жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына, кәсіби біліктілігінің артуына және өңірдегі еңбек нарығының дамуына оң ықпал етеді.
Өндіріс орнында құбырмен қатар жіп те шығарылады. Біз күнделікті тұтынатын плас- тик құтыларды қайта сұрыптап, кәдеге жаратып жатқан өндіріс бір дегенде бірнеше мәселені қатарынан шешіп отыр.
– Бүгінде пайдаланылған пластик құтылар арнайы сұрыптау орталықтарында жинақталып, өңдеуге жіберледі. Олар мұқият жуылып, кейін ұсақталып, пластик түйіршіктерге айналады. Өндірістің келесі кезеңінде плас- тик жоғары температурада балқытылып, арнайы құрылғылар арқылы жіңішке талшықтарға созылады. Алынған өнім, яғни жіп тоқыма өндірісінде кеңінен қолданылады. Мұндай жіптен спорттық киімдер, сөмкелер және басқа да тұрмыстық бұйымдар жасалады. Тараз қаласында енді ашылып жатқандықтан, алдағы уақытта жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қоқыс сұрыптайтын мекемелермен келісімшартқа отыру жоспарымызда бар.
Пластик өнімдерін бізге қажетті деңгейде жеткізіп беруге дайын кәсіпкерлермен әрқашан қоян-қолтық жұмыс істеуге әзірміз, – дейді кәсіпорынның бас директоры.
Тараз қаласында ашылған «Polytech Astana» ЖШС-нің жаңа өндірістік филиалы – өндірістегі жаңа технологиялар мен заманауи басқару жүйесінің тиімді үйлесімін көрсететін маңызды жоба. Бұл кәсіпорынның жұмысы өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, жаңа инвестицияларды тартуға және Қазақстанда өндірілетін өнімнің сапасын халықаралық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұнда шығарылатын әрбір құбыр еліміздің жаңа тұрғын үйлеріне, әлеуметтік нысандарына, инженерлік желілеріне қызмет етіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады. Сондықтан бұл кәсіпорынның іске қосылуын Тараз қаласының ғана емес, тұтас өңірдің өндірістік дамуындағы маңызды белес деп бағалауға толық негіз бар.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.