Қала әкімдігінің мәжіліс залында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, өнегелі әулеттердің үлгісін насихаттауға бағытталған «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қатысып, байқау жеңімпаздарын құттықтады.
– Отбасы – қоғамның берік негізі әрі ұрпақ тәрбиесінің алтын бесігі. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, адам бойындағы ізгілік, мейірімділік пен басқа да асыл қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әрбір шаңырақ – ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрдің, рухани құндылықтардың сақталатын қасиетті ордасы. Отбасынан алған тәлім-тәрбие – саналы тұлға болып қалыптасудың және болашақта бақытты, өнегелі жанұя құрудың берік кепілі. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Сондықтан да оның қазіргі қоғам- ға тигізер маңызы зор.
Өткен жылы Тараз қаласынан Бектасовтар отбасы облыстық кезеңнен бас жүлдеге ие болып, Астана қаласында өткен салтанатты жиында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атанды. Бүгін біз өнегелі өмір жолымен, татулығы мен бірлігі жарасқан, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін отбасылармен жүздестік. Байқауда белсенді болып, қоғамға үлгі боларлық құндылықтарыңыз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Биыл 13 рет ұйымдастырылып отырған байқауға қала бойынша 22 отбасы қатысқан. Байқау қорытындысы бойынша Сәттібаевтар мен Зайнулиндер отбасы облыстық кезеңге жолдама алды. Сонымен қатар Сайлыбаевтар жанұясы «Өнегелі отбасы» номинациясын иеленсе, «Үлгілі отбасы» номинациясы Таклышевтар жанұясына бұйырды. Ал Дүйсебаевтар жанұясы «Мейірімді отбасы», Оразаевтар жанұясы «Өнерлі отбасы» аталымының иегері атанды.
Облысқа жолдама алған Сәттібаев- тар отбасы – берекесі жарасқан көпбалалы әрі спортты серік еткен өнегелі жанұялардың бірі. Отағасы Көсемәлі Сәттібайұлы – белгілі қаламгер, журналист, Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері. Саналы ғұмырын ақпарат саласы мен руханиятқа арнап, елдің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Әулеттің мақтанышы – ұлы Олжас Көсемәліұлы. Ол – халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғаған қазақстандық боксшы. 2005 жылы кадеттар арасында әлем чемпионы, 2015 жылы Азия чемпионы атанып, Қазақстанның бес дүркін чемпионы болған. Қазіргі таңда «Профессионалдық бокс клубы» мекемесі басшысының орынбасары қызметін атқарып, жас спортшыларды қолдау мен спортты дамыту ісіне үлес қосып келеді. Ал келіні Әйгерім Бауыржанқызы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Биыл Моңғолия- ның Ұлан-Батыр қаласында өткен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болды. Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының мүшесі ретінде ел намысын қорғап жүрген ол бүгінде №2 спорт мектебінде бокстан жаттықтырушы болып еңбек етеді. Сонымен қатар көпбалалы ана ретінде отбасы тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп келеді. Сәттібаевтардың немерелері Дінмұхаммед пен Кәусар да ата- анасының жолын жалғап, бокспен тұрақты айналысып жүр.
– Біз үшін ең үлкен байлық – отбасының бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі. Балаларымыздың спортты таңдауы – олардың денсаулығы мықты, рухы биік, елін сүйетін азамат болып қалыптасуына жол ашады деп сенемін. Қандай жетістікке жетсең де, ең алдымен, еңбек, тәртіп және жауапкершілік болуы керек. Осы қағиданы балаларыма да, немерелеріме де үнемі айтып отырамын. Бүгінде ұлым мен келінімнің ел намысын қорғап, кейінгі буынды тәрбиелеуге атсалысып жүргеніне ерекше қуа- ныштымын. Немерелеріміздің де спортқа қызығушылық танытып, осы жолды таңдауы – біз үшін үлкен мақтаныш. Отбасымызда әрдайым бір-бірімізді қолдап, жетістікке бірге қуанамыз. Мемлекеттің отбасы мен спортқа көрсетіп отырған қолдауы бізге де үлкен серпін береді. Осындай қамқорлықтың арқасында жас ұрпақтың болашағы жарқын болып, Қазақстанның абыройын асқақтататын чемпиондар көбейе беретініне сенемін. Ендігі кезек облыста өтетін байқауда абыройлы болу, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, олардың қоғамдағы орны мен еңбегі жоғары бағаланды. Ұйымдастырушылар мұндай байқаулардың отбасы инс- титутын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өнегелі әулеттерді көпшілікке танытуға ықпал ететінін атап өтті.
Арайлым ШАБДЕНОВА