Тараз қалалық Қоғамдық кеңесі төртінші құрамының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің жұмысы жылдық жоспарға сай, ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң аясында бекітілген 4 бағытта – қоғамдық бақылау, мониторинг жүргізу, тыңдаулар және сараптамалар форматтарында ұйымдастырылып келеді.
Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің 2025 жылғы ақпан айында сайланған төртінші шақырылымы ағымдағы жылдың бірінші жартысында сан-салалы мемлекеттік қызмет түрлері мен оларды жетілдіруге, қаржыландыруға, облыс орталығының қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді қамтыған 2 кеңейтілген отырыс, 11 кеңес төралқасы мен комиссияларының отырыстарын өткізді.
Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында ағымдағы жылдың наурыз айында өткен «Қаланы көгалдандыру, абаттандыру және қала келбетін көркейту жұмыстарының жай-күйі туралы» мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, «ҚазСуШар» акционерлік қоғамының басшысы, Жамбыл облыстық табиғат қорғау және Тараз қалалық прокуратураларының лауазымды тұлғалары, Тараз қаласының «Жібек жолы» және Әулиеата аудандарының әкімдері, қала әкімдігінің бөлім басшылары, округтерге бекітілген аға инспекторлары, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында қоғамдық кеңес мүшелері облыс орталығында жүргізіліп жатқан абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының қала тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, туристік саланы дамытуда біршама оң нәтижелер беріп отырғандығы атап өтілді.
Сонымен қатар, мониторинг нәтижесі бойынша қоғамдық кеңес дайындаған баяндамада ағаш көшеттерін отырғызуда сан қуамыз деп сапаның естен шығып жатқандығы, олардың өсу көрсеткіштерінің өте төмендігі, егілген әрбір үшінші ағаштың бірі бой алып кетпейтіндігі, қаладағы жасыл желектерді инвентаризациядан өткізу, паспортын жасау мәселелері тиянақты жүргізілмейтіндігі, егілген көшеттердің уақтылы суғарылмай қурап кететіндігі, бөлінген бюджеттік қаражаттың желге ұшып жатқандығы туралы нақты дәлелдер келтіріліп,өткір сынға алынды.
Қаланың ирригациялық жүйелерді жаңарту, тазалау жұмыстарына 2023 жылы бюджеттен 2 млрд. 040 млн. теңге қарастырылып, содан бері қолға алынып жатқан тірліктер әлі де көңіл көншітерліктей еместігі, жүргізілген лоток жүйелерінде бүгінгі күнге дейін ағып жатқан судың белгісі жоқтығы, тіпті су жүйелерінің үстіне үйлер, тұрмыстық құрылыстар салынып кеткендігі қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды.
Сонымен қатар, қаламызда жыл сайынғы көктемгі және күзгі абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық айлықтарын өткізу науқанында көшелерде қоқыс жинау, шөптерді ору, ағаштарды әктеу жұмыстары, жол бойындағы жеке үйлерді және олардың қоршауларын ретке келтіру жұмыстарына жете көңіл бөлінбей отырғандығы айтылды.
Қоғам белсенділері қаламыздың кәріз жүйесінің, қала құрылысының жоспарлануы мен оған бақылау жасау төңірегіндегі проблемаларының қазіргі уақытта өткір мәселеге айналып, тұрғындардың күнделікті өміріне кері әсерін тигізіп, қалалық инфрақұрылымның тұрақтылығына қауіп төндіріп отырғандығына тиісті орган басшыларының назарын аударды. Қаладағы бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған қуат көздерінің мүмкіндіктері жыл сайын қарқыны тасып келе жатқан коммерциялық негіздегі салынып жатқан тұрғын үй немесе басқа мақсаттағы нысандардың қажеттіліктеріне ілесе алмай отырғандығы қаланың тиісті құрылымдарының қаладағы құрылыс нысандарын, оның ішінде ең алдымен тұрғын үй құрылысын салуды жоспарсыз жүргізілуі себебінен орын алып отырғандығын айтты.
Қаланың кейбір аумақтарында бей-берекет орналасқан сауда орындарын ретке келтіру жұмыстарының әлсіздігі, «сақалды», заңсыз, «қызылсызық» талаптары сақталмай салынған құрылыс нысандарының санының артуы, жер телімдерін заңсыз иелену мәселелері толастамай отырғандығы, қала аумағында өткен жыл басында «қызыл сызықтың» үстіне салынған 41 нысан болса, жыл соңында олардың саны 52-ге артып кеткендігі жөнінде деректер келтірілді.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 5 бабына сәйкес қалалық қоғамдық кеңес қаланы абаттандыру, көркейту мен тәртіп мәселелерінде орын алып отырған келеңсіздіктерді жою жөнінде тиісті мемлекеттік атқарушы органдарға ұсынымдар жолдап, осы бағытта нақты нәтижелер болмайынша және жүйелі жұмыс жолға қойылмайынша қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауда ұстайтындығы туралы ескертті.
Ағымдағы жылдың мамыр айында қалалық қоғамдық кеңес Тараз қаласындағы №67 мектептің мәжіліс залында «Тараз қаласының мектептерінде оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Іс шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұ.С.Сламбекова, сондай-ақ облыстық білім басқармасының лауазымды тұлғалары, қалалық білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары, мектеп асханаларын жалға алушы кәсіпкерлерлер, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты атқарушы мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, Әулие-Ата және «Жібек жолы» аудандарының әкімдері, қала әкімдігінің бөлім басшылары, округтерге бекітілген аға инспекторлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері, жалпы саны 160-қа жуық адам қатысты.
Тараз мектептерінде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген қоғамдық мониторингтік зерделеу және сараптамалық талдау нәтижесі бойынша қалалық қоғамдық кеңес дайындаған баяндамада бірқатар маңызды және жүйелі сипаттағы кемшіліктер атап өтілді. Сонымен қатар, мәселелердің тек жекелеген техникалық олқылықтармен шектелмей, жалпы бақылау, есеп жүргізу және жауапкершілік тетіктерінің жеткіліксіз ұйымдастырылатындығы туралы нақты деректер келтірілді.
Атап айтқанда, қоғамдық мониторингтік зерделеу жүргізу барысында, бракераждық комиссиялардың қызметіне қатысты бірқатар сұрақтардың жауапсыз қалғандығы, соңғы үш жыл ішінде азық-түлік пен дайын тағам сапасына қатысты бірде-бір шағымның тіркелмеуі, сондай-ақ жауапсыз мердігерлермен келісім-шарттардың бұзылмауы комиссиялардың жұмысы формалды сипатта жүргізілетіндігінің, бақылау тетіктерінің, тек қағаз жүзінде құрылатындығының себебі екендігі айтылды.
Жалпы алғанда, қалалық білім бөлімі тарапынан мектептердегі ыстық тамақты ұйымдастыруға қатысты орталықтандырылған бақылау жұмыстарының формальділігі, анықталған кемшіліктер бойынша жүйелі бақылау мен талдау жүргізілмейтіндігі, нәтижесінде оқушылардың сапалы әрі теңгерімді тамақтануы қамтамасыз етілмей отырғандығы қоғам белсенділері тарапынан өткір сынға алынды.
Атап айтқанда, ай сайын ұсынылатын табельдік мәліметтерде мектепке келмеген оқушылардың себептері толық әрі нақты көрсетілмейді. Бұл жағдай негіздемесіз немесе дәлелсіз есептердің ұсынылуына мүмкіндік беріп, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына себеп болатындығы, мұндай есептердің жекелеген мүдделі тараптардың пайдасына бұрмалануына әкеліп соғатындығы ескертілді.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің тәуелсіз сараптамашылары жүргізген сараптамалық талдау барысында анықталған ыстық тамақпен қамтылуы тиіс әлеуметтік санаттағы оқушылардың есебіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Бастауыш сынып балаларының барлығы бірдей тегін тамақтанғанымен, мектептердегі тамақтандыруды ұйымдастыруда ілгерілеушілік байқалмайтындығы, баучер өткен жылғы көрсеткіштің деңгейінде қалып отырғандығы, баучер ала алмаған, бірақ қамтылуы қажет оқушылардың орталықтандырылған деректер базасы қалыптастырылмағандығы олардың нақты саны мен қамтылу деңгейін бағалауға мүмкіндік бермейтіндігі және әлеуметтік қолдаудың тиімділігіне кері әсерін тигізіп отырғандығы айтылды.
Қоғамдық кеңес оқушылар асханасында орын алған келеңсіз жайттарды жою жолында өз өкілеттігі шеңберінде жұмыстар атқарды. Мониторинг нәтижесінде ата-аналардың талап-пікірі мен ұсыныстарын талдай отырып, мектептегі тамақтану сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленіп, атқарушы мемлекеттік орган басшыларына жолдап, орындалуына қоғамдық бақылау орнатты.
Сонымен қатар, қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен өткізілген аталмыш екі іс шараның материалдары «Фейсбук» әлеуметтік желісіне салынып, қалалық «Жамбыл-Тараз», облыстық «Ақ жол», «Знамя труда» газеттерінің беттерінде көлемді материалдар жарияланып, жергілікті теле арналардан көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылды.
Есепті кезеңде қоғамдық кеңестің төралқасы мен комиссиялары кеңестің ішкі ұйымдастыру жұмыстарын қоспағанда 11 мәселе қаралды.
Өткізілген іс шараларда жалпы қаралған мәселелердің басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің іске асырылу барысына, сапасын одан әрі арттыруға, механизмдерін жетілдіруге арналды.
Жергілікті атқарушы органдар басшыларының орын алған көкейкесті мәселелер бойынша есептерін тыңдау да басты назарда болды.
Тоқсан сайын көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына жүргізілген ішкі бақылау жұмыстарының нәтижесі бойынша Тараз қаласы әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімшесі басшысының есебі тыңдалып отырды.
Қоғамдық кеңесте көрсетілетін мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстарының ахуалы және мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру мәселесі туралы 4 атқарушы органдар басшыларының есептері тыңдалды.
Қоғамдық кеңестің Төралқасы мен комиссияларының жалқы немесе біріккен отырыстарында әртүрлі салаларға қатысты мәселелермен қатар, өкілетті органдардың әзірлеуіндегі нормативтік-құқықтық актілердің жобалары да талқыға салынып отырды. Құқықтық актілердің әрқайсысының мақсаты мен болжамды нәтижелілігі кеңес тарапынан сараптамадан өткізіліп, мақұлданып немесе жұртшылықтың мүддесіне қатысты жетілдіруді қажет ететін тұстары бола қалған жағдайда өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар беріліп келеді.
Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңес шешілмей жатқан мәселелер бойынша бой көрсетіп қалатын психологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған іс-шараларды өзіне заңмен белгіленген өкілеттіктер шеңберінде орындауда. Алдағы уақытта да әлеуметтік топтар немесе жекелеген азаматтар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-тілектер кеңестің бақылауында болады.
С.Сейдәзімов,
Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы