Тараз қаласында отандық «POLYTECH ASTANA» ЖШС-нің жаңа өндірістік филиалы ашылды. Жалпы аумағы 3 000 шаршы метрді құрайтын бұл заманауи кешен аймақ экономикасының дамуына серпін беріп, отандық өнім үлесін арттыруды көздейді. Жаңа нысан сумен жабдықтау, газ және кәріз жүйелеріне, сондай-ақ байланыс кабельдерін қорғауға арналған жоғары сапалы полиэтилен құбырларын шығарумен айналысады.
Өндіріс ошағы халықаралық стандарттарға сай келетін еуропалық технологиялармен және заманауи экструзиялық желілермен жабдықталған. Мұндағы қондырғылар диаметрі 16-дан 1000 миллиметрге дейінгі өнімдерді шығаруға қауқарлы, ал кәсіпорынның жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 5270 тоннадан астам сапалы құбыр өндіруге мүмкіндік береді. Бұл еліміздегі инфрақұрылымдық нысандар мен тұрғын үй құрылыстарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп, импортты алмастыруға үлкен үлес қоспақ.
Жаңа өндірістің іске қосылуы өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге де септігін тигізуде. Кәсіпорынның ашылуымен бірге тараздықтар үшін 28 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Серіктестік басшылығы алдағы уақытта өндіріс көлемін одан әрі кеңейтіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруды жоспарлап отыр. Қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілікті ту еткен бұл жоба Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қолдауымен сәтті жүзеге асты.