Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған азаматтар медициналық көрсетілімдер болған және дәрігердің жолдамасы негізінде күндізгі стационарда медициналық көмек ала алады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова мәлімдеді.
«МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар дәрігердің жолдамасы болған жағдайда күндізгі стационарда ем қабылдай алады. Мұнда бейінді мамандардың консультациялары, диагностикалық тексерулер, инфузиялық терапия, инъекциялар және басқа да емдік процедуралар көрсетіледі. Қызметтердің көлемі пациенттің диагнозына және клиникалық хаттамаларға сәйкес анықталады», – дейді филиал директоры Ғайни Аймағанбетова.
Күндізгі стационарда қолжетімді қызметтер:
* бейінді мамандардың консультациялары;
* диагностикалық тексерулер;
* инфузиялық терапия (тамшылатып дәрі енгізу);
* инъекциялар және басқа да емдік процедуралар;
* медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауы.
Күндізгі стационарда ем алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелген емхананың учаскелік дәрігеріне жүгініп, қажетті жолдама алуыңыз қажет.
МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебеңізді алдын ала тексеріп, денсаулығыңызды дер кезінде бақылауда ұстаңыз.