Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Т. Рысқұлов ауданында инвестициялық жобалар қарқын алып, ауыл шаруашылығының өсімі тұрақты сақталуда

0 21

Т. Рысқұлов ауданында агроөнеркәсіп кешені мен өндіріс салаларын дамытуға бағытталған 15-ке жуық ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары үшін 98 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Қазіргі таңда ауданда жылына 10 миллион дана инкубациялық жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының құрылысы, ірі қара мал бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермасы мен сүт өңдеу цехының ашылуы, жаңбырлатып суару техникаларын құрастыру өндірісі, жеңіл автокөліктерге арналған тіркемелер шығаратын цех, ауыз су өндіретін зауыт және кварцит өндіретін тау-кен байыту комбинаты сияқты маңызды жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар Катар инвесторларымен кварц тақталары, фарфор және керамика өндірісін бірлесіп дамыту бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданның 15 ауылдық округінен 121 азаматқа жалпы сомасы 873,9 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріліп, кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік жасалды.

Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 21,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 миллиард теңгеге артқан. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетінің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын аңғартады.

Көктемгі егіс және дала жұмыстарына қажетті жағдайлар толық қамтамасыз етілді. Биыл аудан шаруаларына 11 183 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оның әр литрі 281 теңгеден сатылды. Сондай-ақ 11 шаруашылық 1 135 гектар алқапқа қант қызылшасын екті.

Материалдық-техникалық база да тұрақты жаңартылуда. Бүгінде аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының пайдалануында 1 137 бірлік техника бар. Жыл басынан бері жалпы құны 539,6 миллион теңгеге 36 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Экологиялық бағыттағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері аудан аумағында 115 700 ағаш көшеті отырғызылды. Ал күз мезгілінде «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында Жақсылық және Өрнек ауылдарында қосымша 20 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.