Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі жел электр станцияларының бірінің құрылысы басталды

0 15
Жамбыл облысының Сарысу ауданында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Жоба жаңартылатын энергия көздері саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Masdar компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Астанада өткен телемост форматындағы салтанатты рәсімге Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Masdar компаниясының басқарма төрағасы Мұхаммед Әл-Рамахи құттықтау сөз сөйледі. Жоба жүзеге асырылатын алаңнан телемостқа «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қосылды.
Жоба аясында қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясы мен сыйымдылығы 600 МВт/сағат энергия жинақтау жүйесі салынады. Жобаның жалпы құны – 742 миллиард теңге. Инвестициялық жобаны сүйемелдеу «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда.
Нұрлан Жақыпов мұндай ауқымды жобаның жүзеге асырылуы Қазақстанның энергетика саласын одан әрі дамытуда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
– Қуаттылығы 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысы – тек Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ірі жобалардың бірі. Бұл бастаманың дәл Жамбыл облысында жүзеге асырылуы өңірдің жоғары инвестициялық әлеуетін және халықаралық серіктестердің сенімін айқын көрсетеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңір басшысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық бағытқа толық сәйкес келетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және тұрақты экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ербол Қарашөкеев Біріккен Араб Әмірліктерінің басшылығына және Masdar компаниясына Жамбыл өңіріне білдірген сенімі мен Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниет танытқаны үшін алғыс айтты.
Жел электр станциясын 2029 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша Қазақстандағы көшбасшы өңірлердің бірі болып қала береді. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр. Сарысу ауданында іске асырылып жатқан жобадан бөлек, 2029 жылға дейін Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын тағы бір жел электр станциясын салу жоспарланған.
Аталған жобалар толық жүзеге асқаннан кейін облыстағы жаңартылатын энергия нысандарының саны 24-ке, ал олардың жалпы қуаты 2,5 ГВт-қа жетеді. Бұл еліміздің оңтүстік өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, электр энергиясының жалпы өндірісіндегі «жасыл» энергияның үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.