Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қыз тәрбиесі: дәстүр ме, әлде еркіндік пе?

0 41

Қыз тәрбиесі-қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі. Бұл мәселе бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір бұл мәселеге қоғамның көзқарасы әртүрлі. Бірі дәстүрді басты орынға қояды, бірі еркіндікті қолдайды. Заман өзгерген сайын қыздардың рөлі де жаңарып келеді, ал бұл өз кезегінде тәрбиеге деген талапты күшейтеді. Осы мақалада қыз тәрбиесіне қатысты түрлі пікірлер мен көзқарастар талқылаймыз.

Психолог және үш қыздың анасы Исабекова Мөлдір бұл мәселе бойынша пікірімен бөлісті:

Мен үшін ең маңыздысы бала мен ата-ана арасындағы сенім. Мен әрқашан қыздарыма жауапкершілікті үйретемін, себебі еркіндік берілген жерде міндетті түрде жауапкершілік болуы тиіс.Тек тыйым салу арқылы емес, түсіндіру арқылы тәрбиелеу дұрыс деп ойлаймын, — дейді психолог.

Бұрынғы қазақ қоғамында қыз тәрбиесіне ерекше мән берілген. Қыз бала тек отбасының емес, тұтас әулеттің абыройы саналған. Сондықтан оның жүріс-тұрысына, сөзіне, киіміне дейін назар аударған. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұғым бекер айтылмаған. Бұл тыйымдар қызды шектеу үшін емес, оны жаман әдеттен сақтау, тәрбиелі, ибалы етіп өсіру мақсатында қойылған. Сол кезеңде қыздар кішкентайынан еңбекке, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеленді. Анасы қызға тек үй шаруасын ғана емес, өмірлік құндылықтарды да үйретті. Ұят, ар-намыс, әдеп сияқты ұғымдар басты орында болды. Қыз бала өз әрекетіне жауапты екенін ерте жастан түсінді. Қоғамда бұл тақырыпқа қызығушылықтың артуы — тәрбие мәселесінің маңыздылығын көрсетеді. Уақыт өте келе қыз тәрбиесіне деген көзқарас та өзгеріп, жаңа бағытта дамып келеді. Қазіргі таңда көпшілік осы екі ұстанымды үйлестіруге ұмтылып отыр. «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер» деген сөздің терең мағынасы бар. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз — болашақ ұрпақтың анасы.

Бұрыннан қалыптасқан дәстүр туралы зейнеткер мұғалім Джумагулова Айнагүл айтып берді:

Біздің кезімізде қыз тәрбиесіне өте қатты қөңіл бөлінетін. Қыздар үлкенге құрмет көрсетіп, уяң, ибалы болып өсуі керек еді. Қазір заман басқа, қыздар еркін, ашық. Бұл әрине жақсы, бірақ кейде сол еркіндік шектен асып кетіп жатады. Бұрынғы тәрбиеде тәртіп пен жауапкершілік көбірек болған деп айтар едім, — деп ұстаз пікірін білдірді.

Қыз тәрбиесіне қатысты көзқарас тек отбасы мен мектепте ғана емес, жалпы қоғамда кеңінен талқыланып келеді. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұл тақырып жиі көтеріледі. Әртүрлі пікірлер айтылып, қыз тәрбиесіне байланысты жаңа көзқарастар қалыптасуда. Кейбір зерттеулерде қазіргі жастардың еркіндікке көбірек мән беретіні байқалады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарға қызығушылықтың қайта артып келе жатқаны да анық көрінеді. Бұл — қоғамда дәстүр мен заманауи көзқарастың қатар дамып жатқанын көрсетеді. 25 жастағы жас мұғалім Бертазина Көркем қазіргі қоғамда қыз тәрбиесіне қатысты көзқарасын білдірді:

Менің ойымша, қазіргі қыздарға ең алдымен өз-өзіне деген сенімділік пен еркін ойлау қабілеті қажет. Өйткені заман өзгерді, қыздар тек отбасы шеңберінде ғана емес, қоғамда да өз орнын табуы керек. Жұмыс істеп, өз өмірін ыңғайлау керек. Олар өз пікірін ашық айтып, өз таңдауын жасай алуы тиіс. Жауапкершілік те маңызды, себебі еркіндік жауапкершілікпен қатар журуі керек, — деді Көркем ханым.

Қыз тәрбиесі — тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Бұл тақырып әр кезеңде өз маңызын сақтап келеді және бүгінгі күні жаңа мазмұнмен толықты. Осы мақала арқылы әртүрлі әйел адамдардың көзқарасын ұсынып, қыз тәрбиесіне деген түрлі пікірлерді көрсетуді мақсат еттік. Негізгі ой — дәстүр мен еркіндікті бір-біріне қарсы қою емес, керісінше оларды үйлестіре білу. Қазіргі қоғамға тәрбиелі, саналы, өз ойын еркін жеткізе алатын, бірақ ұлттық құндылықтарды құрметтейтін қыздар қажет. Сондықтан қыз тәрбиесі — тек жеке мәселе емес, болашаққа бағытталған маңызды қадам.

Аида МАУТХАНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.