Жамбыл облысында ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы стоматологиялық көмек алуына барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы базасында ерекше балаларға арналған мамандандырылған стоматологиялық кабинет жұмыс істейді.
Мұнда тәжірибелі балалар стоматологтары сал ауруы, аутизм спектрінің бұзылысы, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі (ЗРР) және басқа да диагноздары бар 18 жасқа дейінгі балаларға сапалы әрі қауіпсіз стоматологиялық көмек көрсетеді. Емдеу барысында әр баланың психоэмоциялық және физикалық ерекшеліктері ескеріліп, жеке тәсіл қолданылады.
Тараз қаласының тұрғыны Диас Ахметұлы ұлының тісін осы кабинетте тұрақты түрде емдететінін айтады. Оның айтуынша, дәрігерлер әр балаға ерекше ықыласпен қарап, кәсіби деңгейде қызмет көрсетеді. Осы үшін ол медицина қызметкерлеріне шынайы алғысын білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанда 18 жасқа дейінгі барлық балалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған. Олар үшін сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Соның арқасында балалар стоматологиялық қызметтерді МӘМС аясында тегін ала алады.
Ерекше балаларға сапалы әрі қолжетімді стоматологиялық көмектің көрсетілуі – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, ата-аналардың да сенімін арттыратын маңызды әлеуметтік қолдау.