Балаға тәрбие беру отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды» деген екен Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Қалалық мәдениет үйінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» тақырыбында облыстық ата-аналар жиналысын өткізді. Бүгінгі күні қоғам талқысындағы өзекті мәселені көтерген жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысты. Сондай-ақ жиында облыстық білім басқармасының қызметкерлері, облыстық ата-аналар комитетінің мүшелері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, қамқоршылық кеңесі және жеке күзет ұйымдарының өкілдері болды.
Сонымен қатар осы күні аталған жиналыс Тараз қаласында және облыстың 10 ауданында полиция бөлімдерінің бірінші басшыларымен бір уақытта ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, түйткілді мәселелерді ақылдаса отырып шешімін табу болды. Осы мақсатта облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті.
Жиында мектепте оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту үшін бірқатар ұсыныс ортаға тасталды. Басты мәселе мектеп ғимараттарына бөгде адамдардың кірмеуіне және аулада құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін арнайы күзет мекемелерімен шартқа отырып, кіреберіске өткізу турникеттерін орнатып, ата-аналар жиналыстарын ұдайы ұйымдастырып тұруды қолға алу керектігіне баса назар аударылды. Әр оқушының қауіпсіздігі үшін мектепке келер жолдарының сызбасын жасау керектігі де ескерілді. Үнемі кезекшілік ұйымдастырылып тұрса, сабақ уақытында себепсіз жүрген оқушылардың бейберекет жүруі болмайтындығы айтылды. Бала тәрбиесі қатаң бақылауға алынғанда ғана нәтижелі болмақ. Мектепте сабақ болмаған жағдайда ата-аналарға оқушының ерте кеткені туралы ұстаздары міндетті түрде хабарлау керектігі ескертілді.
– Полиция тарапынан кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда бұл мәселеде, тек полицияның қызметі жеткіліксіз. Балалардың бос уақытын қалай өткізуі, мектепке келмеген жағдайда не істейтіні, ғаламтор желілерінде қандай ақпараттарды қарайтыны қатаң қадағалануы тиіс. Оқушы кіммен араласатыны туралы, біріншіден, оның ата-аналары мен ұстаздары үнемі хабардар болып, назарда ұстауы керек. Сондықтан бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық тиісті тұлғалар жауапкершілікпен қарап, полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Арман Молдиярұлы өз сөзінде.
Расында жұмыла көтерген жүктің ғана жеңіл болатыны бар. Бала болашағы жарқын болуы үшін ата-ана мен ұстаздар бұл игі істе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс.
– Бала қауіпсіздігі қатты назарға алынып отыр. Бұл мәселені шешу барысында мектепке өз ісінің мамандарынан құралған арнайы күзет ұйымдастырылу қажет. Бұл әрине үлкен қаражатты талап етеді. Бірақ ертеңімізді, болашағымызды ойласақ бала өмірінен құнды ештеңе жоқ, – деді қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай өз сөзінде.
Бала өміріне алаңдаудың негізі де жоқ емес. Бұл мәселенің басты назарға алынуына қала мектебінде, сабақ уақытысында зорланған 6-сынып оқушысының жантүршігерлік оқиғасы себеп болып отыр. Бала жарық күн десек, сол күніміздің мезгілінен ерте сөніп қалмасы үшін барымызды салайық!