Жамбыл облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында ілгерілету, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау және өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте халықаралық академиялық ынтымақтастықтың маңызы ерекше.
Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті мен Қытай Халық Республикасындағы Ланьчжоу политехникалық университеті арасындағы серіктестіктің нығаюы. Жуырда екі жоғары оқу орны арасында онлайн видеоконференция өтіп, тараптар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жаңа міндеттерді айқындады.
Айта кету керек, серіктестік 2025 жылғы 4 маусымда Ланьчжоу политехникалық университеті делегациясының Дулати университетіне жасаған сапары барысында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында бастау алған болатын.
Бүгінде бұл ынтымақтастық нақты нәтижелерін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Ланьчжоу политехникалық университетінен келген үш оқытушы 2025–2026 оқу жылының бірінші семестрінде Дулати университетінде қытай тілінен дәріс оқыды. Қазіргі таңда 171 студент қытай тілін меңгеріп жатыр. Сонымен қатар, шақырылған оқытушылардың бірі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық бағдарламасының иегері атанды.
Халықаралық серіктестіктің нәтижесінде «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының студенттері Қытайда тегін білім алып, жатақханамен қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, 2025 жылғы 2 желтоқсанда өткен «Өркениеттердің өзара баюы және жастар миссиясы» атты халықаралық конференцияға Дулати университетінің 27 студенті мен оқытушысы қатысып, халықаралық сертификаттарға ие болды.
Бұдан бөлек, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы кадр даярлау жобасы Қытайдың мемлекеттік қор басқару комитеті тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылды. Бұл бастама университеттің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірлік жоғары оқу орнының халықаралық ғылыми кеңістікке белсенді кірігуіне жол ашып отыр.
Алдағы уақытта М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің базасында Конфуций институты мен Қытай тілі орталығын ашу жоспарлануда. Нәтижесінде, халықаралық деңгейде мойындалған қытай тілі емтихандарын Тараз қаласының өзінде тапсыру мүмкіндігі пайда болады.
Сонымен қатар, қос диплом бағдарламаларын енгізу, магистратура бойынша бірлескен білім беру траекторияларын дамыту, жазғы және қысқы мектептер ұйымдастыру, IT, химия және химиялық технологиялар бағыттарындағы ғылыми жобаларды кеңейту көзделіп отыр.
Мұндай халықаралық байланыстар өңірлік жоғары оқу орындарын дамытуға, ғылым мен инновацияны өндіріспен ұштастыруға және жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға тың серпін береді. Әсіресе, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау, олардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысуына жағдай жасау және әлемдік тәжірибемен таныстыру қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі болып саналады.
Бүгінде өңірлік университеттер тек білім беретін орталық қана емес, сонымен қатар ғылым, технология және инновацияны дамытатын стратегиялық алаңға айналып келеді. Бұл үрдіс Жамбыл облысының ғылыми-интеллектуалдық әлеуетін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде.
Қазақстан мен Қытай арасындағы академиялық серіктестік осы мақсаттарға қол жеткізудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде бағаланып, жаңа буын ғалымдары мен білікті мамандарды даярлауға берік негіз қалыптастыруда.