Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Арманнан басталған кәсіп

Көктөбелік отбасы жылыжай шаруашылығын дамытып отыр

0 23

Кез келген үлкен жетістік пен ұлы бастама арманнан басталады. Қордай ауданының Көктөбе ауылындағы Абдралиевтар отбасының кәсібі – соның жарқын дәлелі.

Халқының басым бөлігі ежелден мал және егін шаруашылығымен айналысатын Қордай ауданында соңғы жылдары ауыл шаруашылығының жаңа бағыттары қарқынды дамып келеді. Соның бірі – жылыжай шаруашылығы. Бұл сала бүгінде ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне ғана емес, тұрақты әрі болашағы зор кәсіпке айналуда.

Көктөбе ауылының тұрғыны Дүйсен Абдралиев небәрі үш гектар жер телімін тиімді пайдаланып, заманауи жылыжай шаруашылығын жолға қойған. Бүгінде мұнда қияр, қызанақ, құлпынай өсірілуде. Еңбек пен табандылықтың нәтижесінде өндірілген өнімдер табиғилығымен, жоғары сапасымен және ерекше дәмімен ерекшеленеді.

Бұл кәсіп отбасының әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарын сапалы әрі экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге де өз үлесін қосып отыр.

Дүйсен Абдралиев пен оның жұбайы Алина ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында тұрған. Алайда бір күні туған жерге оралып, ауылдың дамуына үлес қосатын әрі тұрақты табыс әкелетін кәсіп бастауды мақсат етеді.

Алғашқы жылдары отбасы маусымдық егіншілікпен айналысты. Олар картоп пен құлпынай өсіріп, жердің мүмкіндігін сынап көрді. Құрғақшылыққа қарамастан, құлпынай жақсы өнім беріп, болашақ жоспарлардың негізін қалады.

2025 жылдың күзінде отбасы бұл бағытты кәсіби деңгейде дамытуды қолға алып, жылыжай салу туралы шешім қабылдайды. Құрылыс саласында мол тәжірибесі бар Дүйсен Абдралиев жобаны өз бетінше әзірлеп, барлық есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп, құрылысқа кіріскен.

Бірнеше айдың ішінде жылыжай алғашқы нәтижесін бере бастады. Мұнда ерте көктемге дейін көк пияз өсірілді. Қазіргі таңда құлпынай өндіріліп, жақын арада қияр мен қызанақтың алғашқы өнімі жиналады деп күтілуде.

Сонымен қатар отбасы болашағы зор бағыттардың бірі саналатын павловния ағашының көшеттерін өсіруді де қолға алуда.

Жылыжайда дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізілген. Бұл өз кезегінде жаңа ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге жол ашып, кәсіптің ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Дүйсен Абдралиевтың еңбегі ауылда отырып-ақ табысты кәсіп жүргізуге болатынын көрсетіп отыр. Жерді тиімді пайдалану, адал еңбек пен табандылықтың арқасында табысқа жетуге болатынын дәлелдеген мұндай бастамалар ауыл экономикасының дамуына тың серпін беріп, өзгелерге үлгі болуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.