Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласы мамандарының ел өміріндегі маңызды саяси науқандарға белсенді қатысып жүргенін атап өтті.
Президент өз сөзінде елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар мен өзгерістердің басты мақсаты – болашақ ұрпақ үшін қуатты әрі әділетті мемлекет қалыптастыру екенін айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумға тоқталып, медицина қызметкерлерінің азаматтық жауапкершілік танытып, маңызды саяси науқанға белсенді атсалысқанын ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, референдум барысында қазақстандықтар бірлік пен отаншылдықтың жарқын үлгісін көрсетіп, ел болашағына қатысты тарихи таңдау жасаған.
«Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене қатысты. Халқымыз ел тағдырына бейжай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл еліміздің жарқын болашағына жол ашқан маңызды шешім болды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне елдің дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбектері үшін алғыс білдіріп, олардың қоғамдағы рөлі әрдайым жоғары бағаланатынын жеткізді.