Қоғамның дамуы, ең алдымен, оның адами капиталының сапасына байланысты. Ал сапалы адами капиталды қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі – жастардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауы. Себебі бүгінгі мектеп түлегі мен студент – ертеңгі ел экономикасын алға сүйрейтін маман, жаңа идеяларды жүзеге асыратын жаңашыл тұлға, қоғамның дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан мамандық таңдау мәселесі әрбір жастың ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін маңызды факторлардың бірі саналады.
Қазіргі уақытта жастардың алдында бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашылып отыр. Ғылым мен технология- ның қарқынды дамуы, цифрландыру үдерісінің кеңеюі, еңбек нарығындағы өзгерістер жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашты. Бұрын сұранысқа ие болмаған мамандықтар бүгінде қоғамның маңызды саласына айналып отыр. Әсіресе, ақпараттық технологиялар, бағдарламалау, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, биотехнология, инженерия және цифрлық экономика бағыттары қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде жастарға мамандық таңдауда кең мүмкіндік бергенімен, жауапкершілікті де арттыра түседі.
Оқушы ретінде менің байқағаным сол, көптеген жастар болашақ мамандығын таңдауда түрлі кедергілерге тап болады. Бірі қоғамдағы беделге қызықса, енді бірі жоғары жалақыны басты өлшем ретінде қабылдайды. Кей жағдайда ата-ананың қалауы мен баланың арманы қабыспай жатады. Соның салдарынан көптеген жас өз қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес келмейтін мамандықты таңдап, кейін өкінішке ұрынады. Диплом алғаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін жастардың көбеюі де осының салдары деп ойлаймын.
Мамандық таңдаудағы ең үлкен қателіктің бірі – кәсіптің сыртқы беделіне ғана мән беру. Шын мәнінде, кез келген жетістік адамның өз ісіне деген сүйіспеншілігінен басталады. Егер адам өзі таңдаған мамандығын жақсы көрсе, ол салада үздік нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігі жоғары болады. Ал қызығушылықсыз таңдалған кәсіп уақыт өте келе адамның ынтасын жоғалтып, кәсіби күйзеліске алып келуі ықтимал.
Соңғы жылдары елімізде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұның өзіндік себебі бар. Бүгінде құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында білікті жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Электрик, механик, дәнекерлеуші, құрылысшы, агроном секілді мамандықтар экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Алайда қоғамда әлі де болса жоғары оқу орнына түсу ғана табысқа жетудің кепілі деген жаңсақ пікір кездеседі.
Дегенмен, мамандық таңдауда ең басты жауапкершілік әр адамның өзіне жүктеледі. Жас маман немесе талапкер, ең алдымен, өзінің бейімі мен қабілетін дұрыс анықтай білуі керек. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұранысты, таңдалған кәсіптің болашағын, кәсіби өсу мүмкіндіктерін жан-жақты зерттегені жөн. Өйткені, болашаққа жасалған әрбір қадам саналы түрде жоспарланған кезде ғана нәтижелі болады.
Мамандық таңдау – өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл таңдау адамның болашақтағы кәсіби жетістігіне, өмір сүру сапасына және қоғамға қосатын үлесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір жас өз болашағына бейжай қарамай, мамандық таңдау- ға үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені бүгінгі таңдау – ертеңгі жетістіктің, жарқын болашақтың және ел дамуының берік негізі.
Айару МҰХТАР,
«Зият» мектебінің 11-сынып оқушысы.
Тараз қаласы