Тасқа басылған тарих ешқашан көнермейді. Жасарып, жаңғырып тұрады. Мыңдаған оқырманның сүйікті басылымы, ауданның айнасы һәм шежіресі – «Мойынқұм таңы» газетінің жарық көре бастағанына 60 жылдан асып барады.
Әр жылдың, өз ізі, өз салмағы бар. Газеттің жүріп келе жатқан жолы – тұнған тағылым. Аталған үнпарақтың қанатын кеңге жаюына ауданның алғашқы бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков ерекше еңбек сіңірсе, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, еліміздің солтүстік өңірлерінде аудандық газеттер жабыла бастағанда, қаржысын тауып беріп «Мойынқұм таңы» газетін қиын шақта сақтап қалған ауданның алғашқы әкімі Бағлан Қарашолақов екен.
Биыл ақпан айының басында белгілі журналист, «Салық тәртібі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бас редакторлар кеңесінің төрағасы, құрылтайшымыз Ғалым Қасабай аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторлығы қызметін ұсынғанда ұзақ ойланғаным рас. Оның біраз себебі де бар. Дегенмен, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев бұл ұсынысты қуана қолдап, Ғалым Қасабаймен бірге келіп, мені құтты орныма отырғызған кезде толғанысым үлкен қуанышқа ұласып еді.
Сөйтсем, қып-қызыл тойлардың үстінен түсіппін. Биыл тойлануы ұйғарылған ауданның 60 жылдығына әйгілі шопан, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атамыздың 130 жылдық мерейтойы, аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің 60 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Енді аталған газеттің 60 жылдығы туралы айтпақшымын.
«Мойынқұм таңы» газеті негізінен 1965 жылы 1 шілдеден бастап жарық көріп келеді. Газетті осы кезге дейін 7 кісі басқарған екен. Атап айтқанда, алғашқы бас редакторлар Төлен Аймағанбетов – 3 жыл, Бөбек Қаратериев 2 жыл жетекшілік етсе, онан соң Серік Әлімбетов – 18, Берікбай Қадықов 21 жыл табан аудармай бас редактор қызметінде тер төккен. Онан кейін облыс журналистикасына есімі кеңінен танымал Сүндетулла Әбілов 12 жыл басқарып, екі мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болып, аянбай еңбек еткен. 1 жылға жуық жетекшілік еткен Уәлихан Жайлаудың, 4 жылға жуық басқарған Елдос Ерғабылұлының да еңбегін атап өткен жөн.
Газет тарихын зерделей келе байқағаным, бұл редакцияда алғашқы күннен бастап еңбек еткендер ортамыз- да жүр. Солардың бірі – Мойынқұм ауылының тұрғыны, «Мойынқұм таңында» 38 жыл теруші, корректор, есепші қызметтерін атқарған Ұлдан Мұтанова.
– 1965 жылдың шілде айынан бастап аудандық «Коммунизм таңы» газеті жарыққа шыға бастады. Мен 1965 жылдың тамыз айынан аталған редакцияға машист-теруші болып орналастым. Газеттің алғашқы бас редакторы Төлен Аймағанбетов, оның орынбасары болып Боранқұл Құрманбаев, жауапты хатшысы қызметінде Рахан Мумеев еңбек етті. Редакциядағы бөлімдердің де жұмысы ауқымды еді. Ауыл шаруашылығы бөлімінде Көшелі Толысбаев, Бейсехан Молдабаев, әдебиет бөлімінде ақын Мырзаш Тұрғынов, хаттар бөлімінде Асау Момынов деген жігіттер тер төкті. Бұл жігіттер сол уақытта сайдың тасындай іріктелген жастар еді, газет жұмысына белсене араласты.
Мен – осы жылдары газет жұмысының қиын сәтінің, аптасына үш рет қол термемен теріліп, халыққа уақытымен таралып отырғанының куәсімін. Әсіресе, терімші болған марқұм Тұрар Нұрғожаева апайды атап өтпеске болмайды. Ол кісі редакцияда көп жыл еңбек етті. Шәкірттері Мұратәлі Мұхашев, терімші Шолпан Қырбақбаева ауданның баспаханасы жұмысын тоқтатқан жылдарға дейін жұмыс істеді. Баспаханада ұзақ жыл есепші болған Әсия Омараваның да еңбегі құрметтеуге лайық, – деді Ұлдан апай сәлем бере барғанымыз- да.
Осы газетте Қырықбай Махамеджанов, Зал Жүнісов, Ұзақбай Маралбаев, Амангелді Әскенов, Әнуарбек Байбатыров, Тампылбай Молдақұлов, Жамал Сармырзаева, Тоқаш Қалдарбекова, Тілеубек Шәріпов, Болат Әліқұлов, Орынбай Тасыбеков, Тотыбай Қожамұратов, Амангелді Әскенов, Әкебай Ертаев, Маханбетәлі Дүйсебаев, Жүрсінгүл Жақып, Жеңісбек Нұрбеков, Құттымбет Райымбеков, Жұмахан Сарыбаев, Жолдыбай Дәметов, Қуаныш Иембердиев, Қуат Орманқұлов, Асылхан Әлтай, Айдос Қосыбай, Алуа Үмбетқұлова, Қуаныш Көбенғараев өз жұмыстарына жауапты бола білген.
Қазіргі кезге оралсақ, газет аптасына 2 мәрте 4 беттік D2 форматымен тұрақты жарық көріп келеді. Газетіміздің белсенді тілшісі, 40 жыл еңбек өтілі бар Жолдыбай Дәметов, 40 жыл осы редакцияға еңбегін арнаған корректор Арай Әлімбетова – мақтаныштарымыз. Арай – газетімізде 18 жыл бас редактор болған Серік Әлімбетов ағайдың қызы. Осы кісілердің ұзақ жылғы адал еңбектері мен жұмысқа деген құлшыныстары редакцияның өзге мамандарына ерекше серпін сыйлап, күш береді. Оператор-бағдарламашы Назгүл Әлиеваның еңбек өтілі 21 жыл болса, тілші Әсел Қуаныш та бірнеше жылдан бері осы басылымның ыстық-суығына төзіп жүр. Беттеу- ші-дизайнер Гүлмира Наурызбаева, есепші Гүлнар Мұхамедқызы – нағыз өз ісінің шеберлері.
Газетіміздің белсенді авторлары ретінде еңбек ардагері Жібек Мәзбайқызын, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Мұханбетқұл Сабыровты, аудандық медиа орталықтың басшысы Айдос Қосыбай мен білікті маман Дастан Аманқұлды айта аламыз. Қазіргі таңда Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Бекмұрат Жамбылов, Қазақстанның үздік кітапханашысы Гүлсім Нарбаева, Жаз-атаның баласы Бейбіт Қуанышбаев, аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі Таңшолпан Құлбаева, ауданның бас имамы Ержан Көшкінбай тағылымды мақалаларын бөлісіп отырады.
ҚР Сенатының депутаты Сәкен Арубаев, Мәжіліс депутаттары Ерболат Саурықов, Гүлдара Нұрым жылы лебіздерін жолдап, аудан әкімі Ермек Карентаев редакциямызға көмегін көрсетіп келеді. Ауылдық округ әкімдеріне, мекеме, мектеп басшыларына алғыс айтамыз.
Алдағы уақытта да газетімізді тарихи-танымдық, қызықты, оқылымды материалдармен жандандырып, сіздермен бірге болу ойымызда, қадірлі оқырман! Ауданның тойы, Жаз-ата тойы, төл газетіміздің 60 жылдығы құтты болсын! Жазатын жақсы жаңалығымыз таусылмасын!
Есет ДОСАЛЫ,
«Мойынқұм таңы» газетінің бас редакторы.
Мойынқұм ауданы