Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Биыл Жамбыл облысында газбен қамту деңгейін 96 пайызға жеткізу жоспарда

0 19

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабеков баяндама жасады.

Басқарма басшысының баяндауынша облыстағы 357 елді мекеннің 284-і табиғи газбен қамтылып, халықты газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жетті. Қазіргі таңда Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді газдандыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық аяқталған жағдайда өңірдегі газбен қамту деңгейі 96 пайызға дейін өседі.

Ауыз сумен қамту саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 19 жобаға 17,1 млрд теңге бөлініп, барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 80 млрд теңгені құрайтын 43 жоба дайындалып, оларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.

Электр энергетикасы саласында бірқатар жобалар іске асырылуда. Оның ішінде өндірістік және шекаралық аймақтарды электрмен қамтамасыз етуге бағытталған нысандардың құрылысы жүргізілуде.

Жылу энергетикасы бағытында Тараз қаласындағы РК-4 қазандығын кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, «Самал» және «Алатау» мөлтек аудандарындағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жалпы өңір бойынша 44,5 шақырым жылу желісін жаңарту бойынша 11 жоба әзірленді.

Облыс әкімі коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу, тарифтік саясатқа тұрақты талдау жүргізу және бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды жүктеді. Сондай-ақ, иесіз электр желілері мен трансформаторларды коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

— Коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету басты назарда болуы тиіс. Осыған орай, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, 2026 жылға арналған болжамды көрсеткіштер бойынша тиісті талдау жүргізуді тапсырамын.

Сонымен қатар, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру және жылу желілерін жаңғырту жобаларының мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Тараз, Шу, Қаратау және Жаңатас қалаларындағы кәріздік-тазарту құрылыстары жобаларының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Өңір басшысы аталған жобаларды сапалы іске асыру және қаржыландыру мәселелерін шешу бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының өңірде жүзеге асырылу барысына ерекше назар аударылды. Ербол Қарашөкеев акция аясындағы жұмыстарды күшейтіп, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

2025 жылғы «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру бойынша өңірлердің рейтингінде Жамбыл облысы 5-орында қалыптастып отыр. Бұл көрсеткіш өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелілігін айғақтайды.

Акция басталғалы оған 35,1 мыңнан астам тұрғын мен 1,4 мыңнан аса кәсіпорын және мекеме қатысқан. Нәтижесінде 48,5 мың түп ағаш отырғызылып, 2,6 мың шақырым көше жолдары, 810 шақырым арық және канал жүйелері тазартылды. Сонымен қатар, 615,5 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы ретке келтіріліп, 5,8 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

Кеңес қорытындысында облыс әкімі барлық жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне берілген тапсырмалардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.

Жамбыл облысының әкімдігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.