Мойынқұм ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағы жаңа еңбек маусымын ресми түрде бастады. Ауылдың тазалығы мен көркеюіне үлес қосатын жастар тобы биыл да белсенді жұмыс атқаруға дайын екенін білдірді. Бағдарламаның басты мақсаты – табиғатты қорғау, экологияны сақтау ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу. Ал тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту.
Осылайша Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығы ауданымыздың 15-35 жас аралығындағы жастарды маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысына қабылдады. Биылғы маусымның ашылуына арналған салтанатты шара Б.Момышұлы атындағы орталық стадионда өтті. Ашылу рәсіміне Мойынқұм ауданы әкімі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы Нұргелді Қазақбайұлы және әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жасыл» ел еңбек жасағының жұмысын ұйымдастыратын үкіметтік емес ұйым төрағасы Абылай Омаров арнайы қатысып, маусымның ашылуымен құттықтады.
«Жасыл ел» еңбек жасағының жастары жаз мезгілінің 3 айында жұмыс істейді. Биыл жасақ жұмысына аудан бойынша 110 жас тартылады. Маусым айында 40 жас, шілде, тамыз айларына 30 жастан қамтылады. Ауданымызда орналасқан аллея, монументтерде, скверлерде, демалыс орындарына тазалық жүргізіледі.
«Жасыл ел» жастар ұйымы жастардың күшімен елімізді көгалдандыру, абаттандыру арқылы жастарды еңбекпен қамтамасыз етуді көздейді. Сәйкесінше, жылына қаншама жастарды осы бағдарламаға тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздық төмендеуде. Екіншіден, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау көзделіп отыр. Демек, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімі оянады. Ал үшіншіден, жастар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жастардың табиғатқа қамқорлықпен қарап, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға баса назар аударылмақ.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру – мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Осылайша биылғы маусым да жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырып отыр. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «Бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да біз де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз керек.
Мәди КҮНТУ,
Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры








