Жаз мезгілінің шуақты күндерімен бірге мектеп оқушылары үшін ерекше демалыс кезеңі басталды. Тараз қаласындағы №64 орта мектеп жанынан ұйымдастырылған «Киіз үй» жазғы лагері ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды жобасымен ерекшеленіп отыр.
Жуырда лагерьде «Ұлттық дәстүр күні» кең көлемде аталып өтті. Іс-шара барысында оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен мәдени мұрасы туралы мол мағлұмат алып, ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік алды. Балалар ұлттық ойындарға қатысып, ата-бабадан мирас болып жеткен асыл құндылықтардың мән-маңызын тереңірек таныды.
«Киіз үй» лагері өз жұмысын он күн бойы жалғастырады. Осы уақыт аралығында жасөспірімдер мен балалар ұлттық тағамдар, ұлттық киімдер, қолөнер, салт-дәстүрлер, отбасылық құндылықтар және ұмыт бола бастаған ұлттық мұралар жөнінде түрлі танымдық сабақтар мен кездесулерге қатысады. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, оқушыларға тәрбиелік әрі танымдық мазмұндағы бағдарламалар ұсынылады.
Мектеп директоры Эльмира Қойлыбаеваның айтуынша, лагерьдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, тарихи сананы қалыптастыру.
– Бүгінгі балалар – ертеңгі ел тірегі. Сондықтан олардың туған халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрін құрметтеп өсуі аса маңыз- ды. «Киіз үй» лагері арқылы біз балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, ұлттық тәрбиені насихаттауды көздеп отырмыз. Он күн бойы оқушылар халқымыздың салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасынан тағылым алып, рухани байып, жақсы демалады, – дейді мектеп директоры.
Ұлттық дәстүр күні аясында ұйымдастырылған шаралар балалардың қызығушылығын оятып, олардың ата-баба мұрасына деген құрметін арттырды. Осындай тағылымды бастамалар жас ұрпақтың ұлттық болмысын сақтап, елжанды азамат болып қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз. №64 орта мектептің «Киіз үй» лагері ұлттық тәрбиені дәріптеген игі ісімен жазғы демалыстың мазмұнды әрі пайдалы өтуіне өз үлесін қосуда.
Арайлым АБДРАХМАН,
М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
«Конвергентті журналистика» мамандығының 2-курс студенті