Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Дарын Stars» атты халықаралық, республикалық интеллектуалдық жарыстар мен шығармашылық конкурстар жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Шаһар басшысы дарынды балаларды қолдау — мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екенін айрықша атап өтіп, түрлі білім бәйгелерінде жеңіске жеткен оқушыларға, үздік мектеп ұжымдары мен ұлағатты ұстаздарға қала әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын табыстады.
Шара барысында «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының «Шаттық» хор ұжымы, «Нұр-шашу» үлгілі камерлық оркестрі, «Камер-тон» эстрадалық вокал студиясы және «Желдірме» дәстүрлі әншілер ансамблі өнер көрсетіп, мерекелік шараның сәнін келтірді.
Сонымен қатар 2026 жылғы жас түлектер, халықаралық және республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауының жүлдегерлері ақжарма тілектерін жеткізіп, «Дарын» жалауын кейінгі жас буынға салтанатты түрде табыстады.
Айта кетейік, ағымдағы оқу жылын қалада 96 мыңнан аса оқушы аяқтаса, оның 5 620-сы мектеп бітірушілері. Түлектердің 137-сі «Алтын белгі» белгісіне, 220-сы «Үздік аттестатқа» үміткер. Сондай-ақ, 50 түлек түрлі олимпиадалар мен конкурстарда көрсеткен нәтижелері үшін еліміздің және шетелдің беделді жоғары оқу орындарының гранттарын иеленді.
Сонымен бірге тараздық дарынды оқушылар биылғы жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 97 медальді иеленді. Оның ішінде 32 жас өрен алтын медальға қол жеткізді.