Тараз қаласындағы Намазбай Ақшабай атындағы орта мектепте оқушылар игілігі үшін заманауи стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл – балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Енді мектеп оқушылары профилактикалық тексеруден өтіп, қажетті стоматологиялық көмекті мектеп қабырғасында-ақ ала алады. Бұл олардың уақытын үнемдеп қана қоймай, тіс ауруларының алдын алып, дер кезінде ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Жаңа кабинет заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Мұнда балаларға ауыз қуысының саулығын бақылау, тіс ауруларын ерте анықтау және емдеу қызметтері көрсетіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай кабинеттер оқушылар арасында тіс ауруларының алдын алуда ерекше рөл атқарады.
Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіледі. Яғни балалар жоспарлы және шұғыл түрде стоматологиялық көмек ала алады.
МӘМС аясында тісжегіні емдеу, пломба салу, пульпит пен периодонтитті емдеу, ауыз қуысы жарақаттарын емдеу секілді бірқатар қызметтер қолжетімді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Гайни Аймағанбетованың айтуынша, өңірде балаларға стоматологиялық көмек көрсететін 25 орталық жұмыс істейді. Оның 24-і Қормен келісімшарт негізінде қызмет көрсететін жекеменшік стоматологиялық клиникалар.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық балалар стоматологиялық емханасы тәулік бойы жұмыс істеп, шұғыл жағдайда балаларды кез келген уақытта қабылдайды.
Мектепте стоматологиялық кабинеттің ашылуы – оқушылар денсаулығына жасалған нақты қамқорлықтың көрінісі. Бұл бастама балалардың денсаулығын сақтауға, стоматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.