610 жылдың Рамазан айында Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын) әдеттегідей Хира үңгіріне оқшауланып, ғибадат етеді. Уахи тасушы Жәбрейіл періштемен жолығып, Жаратушы Жаббар иемізден ең алғашқы рет хабар алған Пайғамбар толқып-қобалжыған күйі сүйікті жары Хадиша анамызға келіп, болған уақиғаны айтып берді. Сөзін бітірер-бітірместен: «Өзімнен қорықтым», – дейді.
Даналығымен танылған Хадиша анамыздың көңілі тыныш еді. Өйткені Пайғамбарымыз сынды көркем мінезге ие бір жанның басына келген бұл жағдай жамандыққа нышан еместігін нақ білді де мына сөздерімен күйеуінің көңілін басты: «Олай демегін! Аллаға ант етейін, Алла сені ешқашан ұятқа қалдырмайды. Себебі сен ағайынға қамқорсың, мұқтажға жәрдемшісің, аш қалғанды тойдырасың, қонаққа құрмет көрсетесің және зұлымдыққа ұшырағандарға жәрдем етесің».
Алла елшісін жігерлендірген Хадиша анамыздың мына сөздері Қалам сүресінің «Расында сен ұлық көркем мінезге иесің» аятының тәпсірі сынды еді. Себебі Пайғамбарымыз пайғамбар болмай тұрып-ақ айналасына көркем мінезімен танылып, сенімді Мұхаммед мағынасын білдіретін «Мухаммадул-әмин» лақабы берілген болатын. Көркем мінезге тәрбиелеу оның пайғамбарлық мақсаты еді. Пайғамбарымыз хадисінде: «Расында, мен көркем аһлақты (мінезді) толықтыру үшін жіберілдім», – деген болатын.
Бірде Мәдина қаласына келген Сағд бин Хишам атты мұсылман Айша анамыздан: «Пайғамбардың мінезі қандай еді?» – деп сұрайды. Айша анамыз сұрағына сұрақпен: «Сен Құран оқымайсың ба? Міне, Пайғамбарымыздың мінезі Құран еді», – деп жауап берген болатын.
Бұған қарамастан Пайғамбарымыз өзінің мінезін тағы да әсемдеуге күш салып, жаман мінезден Аллаға сыйынатын. Намаз соңында қолын жайып: «Аллам! Маған көркем мінез бергін! Сеннен басқа көркем мінез беруші жоқ! Жаман мінезден аулақ қыл! Сеннен артық жаман мінезден аулақ қылушы жоқ!» – деп үнемі сұрайтын.
Алланың елшісі сахабаларын көркем мінезді болуға шақыратын. Бірде Убада ибн Самитпен бірге иман келтіруге келген бір топ мәдиналықтардан Аллаға серік қоспауларымен қатар ұрлық жасамау, зина етпеу, туған қыздарын өлтірмеу және жала жаппау сынды көркем мінезге қатысты тақырыптарда уәделерін алған болатын.
Пайғамбарымыз Муаз бин Жәбәлді Йемен қаласына уәли ғып жіберіп жатып, оған: «Уа, Муаз! Адамдармен көркем мінезді мәміле жаса!» – деп бұйырды.
Көркем мінезді болуға шақырған Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кәмілі көркем мінезді болғандары», – деп, иман мен көркем мінез бір-бірінен айнымастай жұп екенін көрсетіп өтті. Сонымен қоса көркем мінезділер ең абзал жандар екенін және өзіне ең сүйкімді кісілердің қатарында екенін жеткізді.
Алайда адам баласы қателіктерден тұрады емес пе?! Қателескен жанға да Алла елшісі: «Қайда болсаң да Алладан қорық! Жамандығыңның артынан дереу бір жақсылық жаса да, жақсылығың жаңа жасаған жамандығыңды өшіріп әкетсін. Адамдармен көркем мінезбен мәміле жаса!» – деп өсиет айтып кеткен болатын. Себебі Алла Тағала Құранда айтқандай, істелген жақсылықтар жамандықтарды жоятыны ақиқат.
Мінезіміздің көркемдігі немесе жамандығы жәннатпен сүйіншілену немесе жәһәннаммен азапталуға апаратын бір нәтижеге байланғаны белгілі. Жомарт Алла жақсылық жасағанның сауабын еселеп, күнәһардың тек сол істегенінің жазасын ғана беру үшін амалдарын таразыға тартқанда ненің ауыр басатынын Пайғамбарымыз айтып кеткен еді. Өз хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні мүминнің таразысында көркем мінезден де ауыр басатын ештеңе болмайды. Расында, Алла сөзі мен ісі жиіркенішті кісіге қаһарын жаудырады», – деп бұйырып, мінезін көркемдеген кісіге жәннаттың ең жоғарғы дәрежесінен бір сарай салынатынына кепіл болатынын уәде етті.
Алла Тағалам баршамызды мұсылмандар үшін көркем үлгі-өнегелер бар Пайғамбарымыздың көркем мінезімен мінезденуімізді нәсіп етсін. Жақсы мінезіміз себепті Пайғамбар уәде еткен жәннаттың ең жоғарғы дәрежесіндегі сарайдың барша мұсылманға нәсіп болсын!
Әлмұханбет ЕГІЗБАЕВ,
дінтанушы