Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында ақын, сазгер, Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналис- тер одағының мүшесі, Талас ауданының Құрметті азаматы Битама Мырзамбетұлының 90 жылдығына арналған «Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра Би-аға» атты әдеби-сазды кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Кеш шымылдығы ақынның өмір жолынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен түріліп, көрерменді бірден әсерлі атмосфераға жетеледі. Сахналық көріністе ақынның азаматтық болмысы, шығармашылық мұрасы мен тағдырлы ғұмыры көркем тілмен өріліп, көпшілік көңілінен ерекше орын алды.
Салтанатты жиында Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төленді сөз сөйлеп, Битама Мырзамбетұлының ел руханиятындағы елеулі орнын айрықша атап өтті. Ол ақын мұрасын ұлықтау – ұлт руханиятына көрсетілген құрмет екенін жеткізді.
Кеш аясында ақын шығармашылығын дәріптеуге бағытталған «Ақыл қазы – ар таразы» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қазылық еткен зиялы қауым өкілдері – жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын-журналист Азамат Есалы және айтыскер ақын, журналист Есет Досалы.
Әдеби-сазды кеш барысында ақынның жүрекке жетер жырлары оқылып, сазды әндері көрерменге жол тартты. Ақынның қызы, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Жанар Битамақызы «Жан әкем» әнін тебіреніспен орындап, әке рухына деген сағыныш пен құрметті сездірді.
Ақынның тұңғыш немересі, дәстүрлі әнші Айгүл Мақашова «Насихат термесі» мен «Арман-ай» әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Ақ-тілек» әні «Талас» триосының орындауында көпшілікке ұсынылды.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – ақынның ұлы Бауыржан Мырзамбетовтің «Балама хат» әнін орындауы болды. Әке мен бала арасындағы терең сезім мен тағылымды ойға құрылған бұл туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сонымен қатар мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өміралиевтің орындауындағы туындылар кеш мазмұнын байыта түсті. Әнші-сазгер Нұрым Қойгелдиев «Сағынамын» әнін шырқап, Зәуре Сатыбалдиевамен бірге «Би аға, Битама аға» әнін орындап, кештің көркін аша түсті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде – Индира Қансейт (Майтөбе ауылы), І орын – Нұрбақыт Әзімхан (Ойық ауылы), ІІ орын – Дария Серік (Бөлтірік шешен ауылы), Назерке Қанат (Бостандық ауылы), ІІІ орын – Диана Бадирова (Қасқабұлақ ауылы) мен Асылжан Лесбекке (Сейілбек ауылы) бұйырды. Ал Томирис Мұхтар арнайы жүлдемен марапатталды.
Тағылымы мол кеш тұғырлы тұлғаның өнегелі өмірін ұлықтап, бай мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаған мазмұнды рухани шара ретінде көпшілік жадында сақталары сөзсіз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ