Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі» тақырыбында облыстық семинар өтті

0 33

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Инклюзивті кітапхана: ЖИ дәуірі» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырды. Аталған шараға аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға қызмет көрсететін кітапхана бөлімдерінің мамандары қатысып, заманауи кітапхана ісіндегі жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен талқыланды.
Семинардың шымылдығын кітапхананың ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Төлебаева Айзада Амангелдіқызы ашып, модератор ретінде жасанды интеллект технологиялары кітапхана қызметін бұрынғыдан да қолжетімді етіп, оқу мәдениетін дамытуға зор ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Кітапхананың директор орынбасары Кузенова Толқын Тәжітөреқызы «Ақылды көмекші: ЖИ-ді кітапханашының сенімді серігіне айналдыру жолдары» тақырыбында баяндама жасап, күнделікті кітапхана жұмысында тиімді қолдануға болатын ақысыз жасанды интеллект құралдары жөнінде пайдалы мәліметтермен бөлісті.
Ал зағиптарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Иманбек Рыскүл Бақытқызы жасанды интеллект бағытындағы «Grok AI» бағдарламасымен жұмыс істеу жолдарын практикалық түрде таныстырып, тиімді қолдану әдістерін көрсетті. Сонымен қатар қатысушыларға ұсынылған бағдарлама арқылы өздерінің креативті идеяларынан бейнероликтер жасап көруге мүмкіндік берілді.
Семинар аясында «GENIUS SCOOL» репетиторлық орталығының негізін қалаушы, нейропсихолог Жайлыбаева Гүлжамал Қуанышовна «Тыныштықтың нейропсихологиясы: агрессиямен қалай жұмыс жасап, өзіңді қалай сақтап қалуға болады» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылар эмоциялық тұрақтылық, күйзеліспен күресу және ішкі тепе-теңдікті сақтау жолдары туралы маңызды мағлұматтар алды.
Отырыс соңында аудандық кітапханашылар тарапынан келіп түскен ішкі жұмыстарға қатысты түрлі сауалдар мен ұсыныстар талқыланып, әріптестер арасында өзара тәжірибе алмасу алаңына ұласты. Семинар қатысушылар үшін кәсіби білім мен тәжірибені толықтыратын, жаңа идеялар мен заманауи мүмкіндіктерге жол ашқан мазмұнды басқосу болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.