Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Түймекент – аграрлық реформалардың жаңа орталығы

0 87

Түймекент – Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы тарихы терең, табиғаты көркем ең ірі ауылдардың бірі. Бұл елді мекен тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, көне дәуірлерден сыр шертетін аңыздармен де танымал. Түймекент ауылдық округінің орталығы болып табылатын бұл елді мекен Талас өзенінің бойында орналасқан. 2024 жылғы санақ бойынша ауылда 7799 адам тұрады. Бұл — аудандағы халық ең көп қоныстанған ауылдардың бірі. Ауылда мектептер және жергілікті әкімшілік аппарат жұмыс істейді.

Түймекент — заманауи дамып келе жатқан ауыл. Мұнда халық негізінен егін егумен және мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі уақытта Байзақ ауданындағы аграрлық сектор жақсы дамыған елді мекендердің бірі. Ауылдың шаруашылық бағыты негізінен егіншілік пен мал шаруашылығына негізделген. Ауылдың іргесі 1924 жылы қызылша өсіретін «Трудовой пахарь» ұжымшары ретінде қаланған. Бүгінгі таңда да егіншілік басты орында: мұнда көкөніс-бақша өнімдері, астық, дәнді-майлы дақылдар және мал азығына арналған көпжылдық шөптер өсіріледі, себебі ауыл Талас өзенінің бойында, шалғынды және сұр топырақты аймақта орналасқан, бұл суармалы егіншілікке өте қолайлы. Ауылда жеке қосалқы шаруашылықтармен қатар ірі кооперативтер мен ЖШС-тер белсенді жұмыс істейді.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Түймекент ауылы — тек тарихи жәдігерлерімен ғана емес, бүгінгі таңдағы қуатты аграрлық әлеуетімен де ерекшеленетін мекен. Елді мекеннің даму қарқыны мен жергілікті шаруалардың тынысы «Ауыл» партиясының «Гүлденсе ауыл — гүлденеді еліміз» атты басты қағидатымен үндесіп жатыр.

2025 жылы қабылданған агроөнеркәсіптік кешенді реформалау бағдарламасы аясында Түймекентте жерді тиімді пайдалану мен агробизнеске цифрлық технологияларды енгізу басталды. Ел бойынша геологиялық және жер қатынастарына қатысты деректердің 60%-ы цифрландырылып, 2026 жылға дейін толық электронды форматқа көшірілмек. Бұл жұмысқа Түймекент өңірінің шаруашылық құрылымдары белсенді қатысуда.

Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы енгізілгелі бері гектарлық өнімділік пен тыңайтқыштың сапасы автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланып отыр. Осындай жаңашыл тәсілдер аграрлық қауымдастықтың уақытты үнемдеуіне және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.

Агроөнімдерді қайта өңдеуде ел бойынша көш бастап тұр. Мұнда дәнді және майлы дақылдарды өңдейтін орта қуатты цехтар құрылысы басталып, жергілікті фермерлердің өнімін ішкі нарықта тиімді өткізуге жол ашуда.

Біріккен агроқұрылымдар мен жеке шаруашылықтар арасындағы серіктестік үлгісі фермерлерге субсидия мен жеңіл несие алуға мүмкіндік берді.

Аймақ үшін ең өзекті мәселе — су ресурстарын тиімді пайдалану мен қант өндірісін қалпына келтіру. Премьер-министрдің ресми порталында хабарланғандай, елде қант зауыттарын жаңғырту және қызылша егу алқаптарын кеңейту бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Түймекенттің климаты мен ирригациялық әлеуеті бұл бастаманы жүзеге асыруға қолайлы, сондықтан өңір болашақта қант қызылшасының негізгі өндірушілерінің бірі болуға үмітті.

Түймекент — ауыл экономикасының жаңа тынысын көрсететін аймақ. Мұнда дәстүрлі еңбектің заманауи технологиямен үйлесімі жүзеге асып, ауыл шаруашылығын тиімді әрі табысты салаға айналдыру жолындағы нақты тәжірибелер қалыптасып келеді.

Мен Түймекент ауылының тумасы және “Ауыл” партиясының мүшесі ретінде аграрлық реформалардың орталығына айналған Түймекенттің болашағы бұдан да жарқын болатынына сенімдімін.

Пернекүл Маликтаева,
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті
«Стандарттау және ветеринария» кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к.,
қауымдастырылған профессор, «Ауыл» партиясының белсендісі 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.