Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын өткізді

0 13

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтт.

Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі кездесу өңірді орнықты дамыту қағидаттарына, прагматикалық және өзара келісілген экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге бейіл екенімізді растайды. Осы жиында Қордың даму перспективасын талқылап, Арал теңізі бассейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқындаймыз. Бұл кең ауқымдағы халықаралық мәселе болғандықтан, біздің жұмысымызға көптеген мемлекеттер, халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару мәселесі көп жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Өңірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өркендету – ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндет. Аталған басқосу ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беріп, аймақ мемлекеттеріне пайдасын тигізеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды

– Қор Арал теңізін құтқаруға бағытталған халықаралық қолдау шараларын шоғырландырып, бірлескен бастамаларды іске асыруда айтарлықтай рөл атқарады. Қазақстан Қорға төрағалық ету барысында барлық құрылтайшы мемлекеттердің қатысуымен көптеген өзекті міндеттердің шешімін табуға дәйекті түрде ықпал етті. Мысалы, су-энергетика саласындағы ынтымақтастық нығайып, жобаларды қаржыландыру тетіктері кеңейіп келеді. Қордың Атқарушы комитетінің үйлестіру қызметін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Халықаралық әріптестермен, соның ішінде БҰҰ құрылымдарымен, қаржы институттарымен және донорлармен ықпалдастық күшеюде. Халықаралық табиғатты қорғау бастамалары аясындағы жұмыс жанданды. Қордың Атқарушы комитеті бірқатар маңызды жиынға, атап айтқанда, Рияд қаласында өткен One Water саммитіне, Найробиде ұйымдастырылған БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі 7-ші Ассамблеясына, сондай-ақ Бакудегі СОР-29 және Белендегі СОР-30 конференцияларына қатысты. Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Өңірлік бағдарламасына жіті назар аударылып отыр. Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың қатысуымен 30-дан аса өңірлік жоба жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламалар мен бастамаларды қаржыландырудың жалпы көлемі екі миллиард доллардан асады. Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен серіктесе отырып әзірлеген 2026-2029 жылдарға арналған Өңірлік жол картасы Арал маңы тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға үлес қосады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру бойынша бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткізілгеніне мән берді

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақсаты – Арал теңізінің табиғи-экологиялық және тарихи мұрасын сақтау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО геопарктері жаһандық желісінің нысандары қатарына қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстанның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтайшы мемлекеттерге шынайы алғысымды айтамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақтастыра отырып, халықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі жетістіктерге қарамастан, экологиялық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақсатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отыр.

– Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мәселен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсаулығына зиян келтіріп отыр. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаңдаушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұздықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, яғни, суармалы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн. Стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі ауқымды шешімдерді бірлесіп қабылдап, өнімді жұмыс істей алатынымызды әлемге паш етейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.