Бүгін елімізде жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтуде. Бұл саяси науқан мемлекетіміздің даму жолындағы жаңа белесті айқындап, демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам екені белгілі.
Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №26 референдум учаскесінде белсенділік жоғары. Аталған учаскеде жалпы саны 2 385 дауыс беруші тіркелген. Оның ішінде 7 жас азамат алғаш рет өз таңдауларын жасағалы отыр. Солардың қатарында егіз қыздар – Анель мен Адель Жұмақадір де бар.
– Бүгін біз үшін ерекше күн. Себебі алғаш рет осындай саяси науқанға қатысып, өз таңдауымызды жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл әрбір азамат үшін ел болашағына бейжай қарамай, өз пікірін білдіретін маңызды сәт деп ойлаймын. Сыңарым екеуіміз еліміздің дамуына өз үлесімізді осылай қосып жатқанымызға шын жүректен қуаныштымыз, – деген Анель қала тұрғындарын референдумнан шет қалмай, өз таңдауларын жасауға шақырды.