Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

МӘМС аясында оңалту көмегі — сақтандырылған азаматтар үшін ақысыз жүргізіледі

0 61

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында сақтандырылған азаматтарға отадан кейінгі оңалту қызметтері толық көлемде ақысыз көрсетіледі. Бұл — пациенттердің сауығу процесін жеделдетіп, өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды медициналық қолдау.
Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Байдашева өткен жылы тізе буынына эндопротездеу отасын сәтті жасатқан. Отадан кейін пациент оңалту емін тұрақты түрде алып, өзі тіркелген №5 қалалық емхана күндізгі стационарында бірнеше рет қалпына келтіру шараларынан өткен.
Пациенттің айтуынша, емдеу нәтижесі көңіл көншітерлік.
«Құдайға шүкір, аяғыма жасатқан отам сәтті өтті. Қазіргі таңда емдік оңалту шараларым жалғасуда. Сонымен қатар дәрігерлер санаторийлік ем алуға жолдама берді. Барлық ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз», – дейді ол.
Дәрігер-реабилитолог Райхан Қойтбаева пациентке клиникалық хаттамаға сәйкес ем тағайындалып, қажетті оңалту шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мамандардың бақылауымен физиотерапия, емдік жаттығулар және басқа да қалпына келтіру процедуралары жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта пациенттің денсаулық жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.
Айта кету керек, операциядан кейінгі оңалту қызметтері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесі аясында толық қаржыландырылады. Яғни, сақтандырылған азаматтар медициналық көрсеткіштер бойынша қажетті оңалту емін еш ақысыз ала алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.