Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәсіпкерлікті қолдау – келелі іс

0 202

Жамбыл облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның аймақтық филиалы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан кәсіпорындарға баспасөз-турын өткізеді. Нәтижесінде қаладағы үш кәсіпорынға барып, жұмысын дөңгелету үшін мемлекеттік бағдарламалардың қай бағытына жүгінгенін біліп қайттық.

Сәндібек Піренов Суреттерді түсірген Юрий КИМ

«Бизнес» деген сөз біздің қоғамға келгелі, оның түпкі мағынасын халық та түсіне бастағандай. Себебі қазір кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Тіпті таңдаған кәсібіңіз жайлы арнайы оқу да оқисыз, сөйтіп кәсібіңіздің жалпы жоспарын даярласаңыз, қажетті қаражатты мемлекет бөлуге дайын. Тек сіз таңдаған кәсіпкерліктің жоспарын арнайы комиссия мүшелері тексеріп, оның іске асатынына сенім білдірсе болғаны.

«Good Zhem» сауда маркасымен құрама жем өндіретін ірі зауытта ауыл шаруашылығы жануарларының, құстар мен балықтардың барлық түрлеріне арналған өнімдер шығарылады.

– Жоспарлаған жұмысты іске асыруға өзімнің жинаған қаражатым аздық ететінін түсінген соң, «СберБанк» АҚ ұсынған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде субсидия алдым. Жобаны іске асыруға «Даму» қоры көмек көрсетті, – дейді кәсіпорын басшысы Румия Хашимова.

«ЖамбылРемСервис» ЖШС ретінде 2004 жылы тіркелген. ЖШС-нің негізгі қызметі: темір жол жылжымалы құрамын, доңғалақ жұптарын және олардың элементтерін зауыттық жөндеу, жылжымалы құрамды жаңғырту бойынша техникалық және басқа да қызметтер. Вагондарға күрделі жөндеу жүргізу үшін депода барлық қажетті жабдықтар бар. «ЖамбылРемСервис» ЖШС құрамында 8 өндірістік бөлімше бар. Депоның жалпы штатында 280 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшысы Әмірхан Кундавлетов Жамбыл облысы бойынша «Даму» КДҚ қолдауының арқасында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен «Субсидиялау, кепілдік беру» шеңберінде «СберБанк» АҚ-нан несие алғанын айтты.

«RC Agro Group» ЖШС өндірістік жылыжайын Рамазан Ибраимов пен Жиқан Алабажақ құрған. Бүгінгі күні «Жасұлан-Флора» ЖШС-мен жылыжай ретінде көшет отырғызу үшін гүл оранжереясын жалға алу шарты жасалған. Жылыжайдың жабдықтары мен конструкцияларын жеткізу, сондай-ақ олардың шефмонтаждау және іске қосу, реттеу жұмыстары, жергілікті мамандарды оқыту тәжірибелі және білікті мамандардың басшылығымен жүзеге асырылатын болады. Жылыжай кешені дәстүрлі «Айсберг», «Руккало», «Жапырақты», «Роблен» жоғары өнімді салат сұрыптарын өсіруге маманданатын болады. Аталған сұрыптардың 80% көлемі Алматы қаласы, Орталық Азия, ҚХР, Израиль, Польша елдерінен импортталады. Осыған байланысты жобаның басты міндеттерінің бірі басқа елдермен тәжірибе алмасу арқылы өңірлік азық-түліктің сапасын арттыру болып табылады. Жамбыл облысы бойынша «Даму» КДҚ Рамазан Ибраимовқа «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Субсидиялау, кепілдік беру» бағытымен субсидия алуға көмек көрсетті.

Аталған кәсіпорындар «Даму» КДҚ қолдауымен қанаттанған өндірістердің бір бөлігі ғана. Қазірде бизнес бастауға ден қойған азаматтарға мол мүмкіндіктер қарастырылған. Тек азаматтардың жұмысқа деген жігері мен өзіне деген сенімі болса жеткілікті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.