Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жасампаздыққа жетелеген жеті жыл

0 175

Қасым-Жомарт Тоқаев тұтас ұлт тағдырын мойнына алған жеті жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму моделінде ауқымды әрі жүйелі өзгерістер болды. Бұл жылдар жер бетін түгел жайлаған пандемия, әлемдік экономиканың баяулауы, инфляциялық және логистикалық сын-тегеуріндер, геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық ахуалдың аса күрделі кезеңімен, сондай-ақ жылдар бойы жалғасқан ішкі экономикалық әрі саяси теңсіздіктерді еңсеру қажеттілігімен тұспа-тұс келді.

Күрмеуі қиын, қордаланған түйт­кілдерге қарамастан, Президентіміз тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Қазақстан серпінді даму жолына түсті.

Көптеген сын-қатерге жауап ретінде бірінші кезекте мемлекетіміздің ұзақмерзімді орнықтылығын нығайтуды мақ­сат еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды. Президент Тоқаев жалаң ұран мен популизмге жол берген жоқ, уақытша нәтижелерге де ешқашан иек артқан емес. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға, экономикалық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған елдіктің мызғымас берік тұғырын қалыптастыру жолында еңбек етіп келеді.

Мұндағы нәтиженің бәрі көз алдымызда.

2025 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,3%-ды құраса, Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6,5%-ға артты.

Экономиканың құрылымы да өзгерді. Бұрын өсім негізінен сыртқы шикізаттық конъюнктураға тәуелді болса, бүгінде ол Мемлекет басшысының жүйелі шешім­де­­рінің арқасында шикізаттық емес секторлар мен ішкі сұраныстың есебінен өсіп келеді.

Осылайша, экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда, көлік және қызмет көрсету салалары барынша үлес қосып отыр.

Жеті жыл ішінде номиналды ІЖӨ 1,7 есеге ұлғайып, 2019 жылғы 181,7 млрд доллардан 2025 жылы 305,9 млрд долларға дейін өсті. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де тұрақты түрде артып, 2019 жылғы 9,8 мың доллардан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15 мың долларға дейін жетті.

Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2,5 еседен астам, яғни 2019 жылғы 11,5 трлн теңгеден 2025 жылы 30,63 трлн теңгеге дейін өсті. ІЖӨ құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-дан 12,7%-ға дейін ұлғайса, керісінше кен өндіруші сектордың үлесі 14,5%-дан 12%-ға дейін қысқарды.

Аталған көрсеткіштердің сыртында жаңадан бой көтерген ондаған ірі зауыт пен мыңдаған жұмыс орны тұр. Қостанай облысында KIA автокөліктерін шығаратын және шойын құю зауыттары іске қосылды, Қарағанды облысында тұрмыстық техника мен автомобиль шиналары, Атырау облысында полипропилен өндірістері жолға қойылды, Алматы облысында вольфрам концентраты шығарыла бастаса, Павлодар облысында теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер өндірісі, Шымкентте алюминий қаптама өндірісі мен бағалы металдарды қайта өңдеу және басқа да көптеген өндіріс орны жұмысын бастады.

Ел экономикасының дамуындағы көш­басшы салалардың бірі – бүгінде тұ­рақ­ты өсім көрсетіп отырған құрылыс сек­торы. Тек өткен жылдың өзінде елі­мізде 20 млн шаршы метрден астам тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Бұл көлем екі бірдей облыс орталығы – Павлодар мен Қостанай қалаларының жалпы тұр­ғын үй қорынан асып түседі.

Халықаралық валюта қорының дерек­те­ріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі топ-50 экономиканың қатарына енді, сондай-ақ орташа жылдық экономикалық өсім қарқыны бойынша да алғашқы бестіктің ішінде тұр.

World Competitiveness Ranking рей­тингінің мәліметі бойынша мемлеке­тіміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 34-орынға ие болды. Бұл еліміздің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының нығая түскенін ай­ғақтайды. Экономика «бір салаға бай­ланып қалған» бағытынан арылды деуге болады, қазіргі таңда кен өндіру сек­торындағы уақытша тербелістер макро­экономикалық ахуалдың тұрақты­лы­ғына пәлендей әсер етіп жатқан жоқ. Бұл дамудың анағұрлым қалыптасқан әрі теңгерімді үлгісіне бет бұрғанымызды көрсетсе керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестициялық саясаты экономиканы жаңғыртудың негізгі құралдарының біріне айналды.

Жеті жыл ішінде негізгі капиталға са­лынған инвестициялар көлемі 12,6 трлн теңгеден 22,7 трлн теңгеге дейін өсті. Оның үстіне құрылымы да ай­тар­лықтай өзгерді: қаржының негізгі бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, инфра­құ­ры­лымға, энергетикаға, логистика мен агро­өнер­кәсіп кешеніне бағытталып отыр.

ин

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мем­ле­­кеттің стратегиялық басымдығы болып қала береді. Азық-түлік қауіпсіздігі, саланы жаң­­­­ғырту, экс­порттық әлеуетті арттыру – мұның бәрі ауыл тұрғындарының тұр­мыс жағ­­­­­дайын жақсартумен тығыз бай­ла­­­нысты.

Суар­малы егіншілік пен инфра­құ­ры­лымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп ке­леді: алдағы уақытта суармалы алқап­­тар­­ды 2,5 млн гектарға дейін жеткізу көз­де­­ліп отыр.

Ирригациялық жүйелер, элеваторлар, өңдеуші қуаттар мен логистикалық тіз­бектерді жаңғырту жұмыстары жал­ға­су­да. Мал шаруашылығын қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді күшейту қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі жеті жылда шамамен екі есеге, яғни 2019 жылғы 5,2 трлн теңгеден 2025 жылы 9,8 трлн теңгеге дейін, азық-түлік өнді­рі­­сінің көлемі 1,7 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы қолдау көлемі жылына бір триллион теңгеге жеткізілді, шаруаларға тиісті қаражат бұдан былай ерте бастан бөлі­­неді.

Нәти­жесінде, ауыл шаруашылығы жұ­мыс­­­тарының сапасы айтарлықтай жақ­сар­ды, ал фермерлер өз кезегінде жыл сайын елімізді мол өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Қазақстан дәстүрлі түрде әлемдік на­рыққа астық пен ұн жеткізіп отырған же­текші мемлекеттердің қатарына кіреді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының географиясы да Орталық Азия мен Ауғанстаннан бастап Таяу Шығыс елдері мен Қытайға, Еуропалық одаққа және басқа да бағыт­тарға қарай кеңейіп келеді.

Өнеркәсіп секторында «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы бүкіл еліміз бойынша жүздеген жоба қар­жы­ландырылды. Соның ішінде Ал­ма­тыда жеңіл автокөліктер өндірісін, Қарағанды облысында Qarmet болат құю өнімдері кәсіпорнын, Павлодар облысында Қазақ­стан электролиз зауытын, Түркістан облы­сында Ecoculture-Eurasia жылыжай кеше­нін, Алматы облысында «Шин-лайн» балмұздақ шығаратын өндіріс орнын атап көрсетуге болады.

Жеті жылда «Бәйтерек» арқылы қар­жы­­ландыру көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қазір­гі уақытта холдингтің қаржылық қолдауы­мен металлургияда жалпы құны 3,9 трлн теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылуда, машина жасау саласында 610,6 млрд тең­ге­ге 21 жоба қаржыландыру кезеңінде болса, химия өнеркәсібінде құны 636 млрд тең­гені құрайтын 11 жоба, ал агроөнеркәсіп кешенінде 415,9 млрд теңге болатын 69 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Мемлекет басшысы ішкі өсім мен негізгі жұмыспен қамту көзі ретінде микро және шағын бизнесті дамытуға ерекше мән береді. Шағын және орта кәсіпкерліктің ІЖӨ-дегі үлесі 40,5%-ға жетті, аталған секторда шамамен 4,5 млн адам жұмыс істейді, бұл – еңбекке қабі­лет­ті халықтың тең жартысына жуығы.

Шағын кәсіпорындардың белсенділігі тек сауда мен қызмет көрсету салаларында ғана емес, сонымен қатар құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібінде де артып келе жатқанын айта кеткен жөн.

Шағын бизнес ірі жобалардың жет­кізу тізбегіне кеңінен қосыла бастады. Әкімшілік кедергілер азайып, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, кепілдік беру және даму институттарының бағ­дар­ла­малары арқылы қаржыландыру жүйесі қолжетімді бола түсті.

Жыл сайын мыңдаған жобаға қол­дау көрсетіліп, осы сектордағы кәсіп­кер­лерге арналған жеңілдетілген қаржы­ландыру көлемі жүздеген миллиард теңгеге жетті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тіркеу мен есеп беруді және қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдетіп отыр.

Жаңа инвестициялық кезеңнің елеулі жобаларының ішінде Alatau City көпсалалы урбанистикалық клас­терінің орны ерекше. Президент тапсырмасы бойынша жаңадан бой көтеретін қала инновациялық экономиканы, жоғары тех­но­логиялық өндірістерді, білім беру мен іс­керлік инфрақұрылымды дамытуға тың серпін беретін өсудің жаңа бағытына айналмақ.

Белсенді геологиялық барлау жұ­мыс­тары арқылы еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту ұзақмерзімді эко­но­микалық даму стратегиясының маңызды элементі болып табылады.

Кейінгі жылдары мыс, никель, көмір, алтын және сирек металдардың болжамды қоры бар ондаған перспективалық учас­ке анықталды.

2026 жылдың соңына қарай Қазақстан аумағын геологиялық және гео­физикалық зерттеу көлемі 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жетеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына мемлекет тарапынан 240 млрд теңгеге жуық инвестиция салынады. Бұл өткен жиырма жыл бойы осы салаға жұмсалған барлық шығынның көлеміне сәйкес келеді.

Бұған қоса, сыртқы инвесторлардың тарапынан да қызығушылық байқалып отыр. Осы орайда қажетті шешімдердің бәрі ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, қабылданатыны анық. Мұндай ауқымды жұмыс ұзақмерзімді өнеркәсіптік өсудің негізін қалыптастырады.

Еліміздің транзиттік әлеуетінің дамуы – Мемлекет басшысының ұдайы назарында. Мұнда Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе Орта дәліз ерекше ма­ңызға ие. Аталған бағытта тасымал көлемі кейінгі 7 жылда 5 есе өсті.

Заманауи теміржол инфрақұрылымы транзиттік әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Мәселен, елімізде кейінгі жеті жыл ішінде 1 мың шақырымға жуық жаңа теміржол салынды, 9,5 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде 3,5 мың шақырымға күрделі жөндеу жүргізілді.

Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалала­рын­дағы және шекара маңындағы темір­жол тораптарын жаңғырту өткізу қабі­ле­тін арт­тырып қана қоймай, өңірлердің өзара байланысын нығайтып, логис­тика­лық шы­ғындарды азайтуға сеп­тігін тигіз­ді, осы­лайша, елдің транзиттік әлеуе­тін күшей­тіп, ішкі нарықты кеңейте түсті.

Биыл біз ұзақ жыл бойы жөндеу көр­ме­ген, шынтуайтында, әбден тозығы жеткен 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұ­мыстарын аяқтаймыз.

Теңіз порттарының өндірістік қуа­тын кеңей­ту қолға алынды, терминалдар жаңар­тылып, өткізу қабілеті артып келеді. Не­гіз­гі тораптың бірі – Жетісу об­лы­­сын­дағы «Қорғас» құрғақ жүк порты ар­қылы жыл сайын жүздеген мың контейнер өтеді.

Алматы және Жетісу облыстарында жүк­терді бір орталыққа шоғырландырып, өңдеу­­ден өткізетін логистикалық орта­лық­тар желісі құрылды.

Жеті жылдың ішіндегі ауыз толтырып айтатын тағы бір жайт – 25 мың шақы­рымнан астам автомобиль жолы салынып, күрделі жөндеуден өтті, сол сияқты Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Батыс-Шығыс негізгі дәліздері іске асырылды, барлық өңірде жергілікті жолдар желісі едәуір жаңартылды.

Бұған дейін ұзақ жыл бойы жүйелі қар­жыландырудан тыс қалып келген жер­гі­лікті жолдарды жөндеу мен жаңадан салу экономикаға мультипликативті әсер берді: шығындар қысқарып, сауда-сат­тық көлемі өсті, шағын және орта бизнес дамып, өңірлердің инвестициялық тар­тым­дылығы арта түсті. Іс жүзінде күре жол­дар еліміздің экономикалық кеңіс­ті­гінің негізіне айналды. Аталған бағытта жұ­мыстар жалғасып жатыр.

Теңіз порттарының қазіргі жалпы өткізу қабілеті 22 млн тоннаны, оның ішінде Ақтау порты арқылы шамамен 15 млн тонна және Құрық порты арқылы 7 млн тоннаны құрайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша порттар арқылы жүк өткізу 8 млн тоннаға дейін артты, контейнерлік тасымал көлемі 90 мыңға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы бұл көрсеткіш шамамен 60 мың контейнер болған еді.

Авиация саласы да тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді: егер 2023 жылы әуежайлар 26 млн жолаушыға қызмет көрсетсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 31,8 млн-ға жетті. Қазақстан 30-дан астам елмен әуе қатынасын орнатты, 130 бағыт бойынша 600-ден астам рейс қаты­нап тұр. Сонымен қатар әуежайлар жаң­ғыр­ты­лып, жаңа терминалдар салынуда, инфрақұрылымдар жаңартылып жатыр.

Биыл Катонқарағайда, Зайсанда, Кендірліде, Арқалықта 4 жаңа әуежай іске қосылмақ. Арқалық қаласындағы 30 жылдан астам уақыттан бері қаңырап, қа­рау­сыз қалған әуежай Президенттің тіке­лей тапсырмасымен қалпына кел­тірілуде.

Көлік инфрақұрылымының дамуы туристік салаға да тікелей әсер етті. 2022 жылдан бергі пандемиядан кейінгі қалпына келу кезеңінде елімізге саяхаттап келушілер қатары Қытай, Үндістан, Парсы шығанағы елдерінен келген туристер есебінен тұрақты өсіп келеді. Ірі халықаралық Lonely Planet нұсқаулығы Қазақстанды Best in Travel 2025 рейтингіне енгізді, CNN және The New York Times Алматыны үздік туристік бағыт ретінде атап өтті, ал Шымбұлақ Condé Nast Traveler нұсқасы бойынша үздік әлемдік бағыттар қатарына енгізілді.

Осыны ескере отырып, Мемлекет басшысы Алматы тау кластерін одан әрі дамы­ту қажеттігін атап өтті. Жобаның табыс көзі де айқын: тау курортының инфра­­­құ­ры­­лымына салынған әрбір доллар курорт­­­­­тық экономикаға шамамен бес доллар және жалпы туризм экономикасына 15 дол­­лар кіріс әкеледі.

Осынау ауқымды жобаны жүзеге асыру мыңдаған жұмыс орнын ашып, жыл сайын шамамен 100 млрд теңге салық түсім­дерін қамтамасыз етеді.

Президент тапсырмаларына сәйкес мұндағы барлық жұмыс әлемдік стандарттар дең­гейін­дегі экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі.

Мемлекет басшысы күрделі сала­лар­дың бірі – энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйе­сін сауықтыру бағытында да батыл шешімдер қабыл­дады. Аталған салаларда жүр­гізіліп жатқан ауқымды жұмыстар – жер жер­дегі бытыраңқы жобалар емес, инфра­құрылымдық мүмкіндікті арттыра түсу жолындағы жүйелі саясаттың көрінісі.

Президент атап өткендей, «Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашы­лы­ғы кез келген мемлекеттің өмір сүруіне аса қажетті тұғыр саналады». Ауқымды реформалар бастау алғанға дейін бірқатар өңірлерде генерациялық қуат көздері мен жылу желілерінің тозуы 70%-ға дейін жетсе, кей өңірлерде бұл көрсеткіш 80%-дан асып кеткен еді. Энергетикалық нысандарда болған ірі апаттар салдарынан сақылдаған сары аязда кей қалалардағы тұрғын үйлер жылусыз қалған қиын сәтті ешкім де ұмыта қоймаған шығар.

м

Бүгінде жүргізіліп жатқан тарифтерді ырықтандыру және инвестициялар тарту саясаты бұрынғыдай «жанталаса жамап-жасқаудан» гөрі саланы сапалы деңгейде жаңғыртуға мүмкіндік берді.

Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Екібастұз, Балқаш қалаларында ЖЭО-ны жаңғырту жобалары жүзеге асырылып жатыр. Алматы, Теміртау, Риддерде жылу қуаттары жаңартылуда, сонымен бірге Ақтау, Атырау, Орал, Тараз, Екібастұз (ГРЭС-2) қалаларында стансалардың қуаттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда. Одан бөлек Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Көкшетау, Қызылорда, Семей, Тараз, Түркістан, Екібастұз (ГРЭС-3) қалаларында жаңа генерация көздерінің жобалары бо­йынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осымен екінші жыл қатарынан жылу маусымы айтарлықтай апатсыз өтіп жатыр деуге болады.

Президент энергетикалық тұрақты­лық­ты ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп атап, мұндағы шешімдер ондаған жылдар ілгері қабылдануға тиіс екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте елімізде электр энергиясын өндіру жоспарлы түрде өсуде. Мәселен, ол 2019 жылғы 106 млрд кВт/сағаттан 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағатқа дейін жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, жеті жылда іске қосылған қуат­тар­дың жалпы көлемі Алматы қала­сы мен Алматы облысының бір жарым жылдық тұтынатын электр энергиясына тең.

Жалпы алғанда, 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан электр энергиясы тапшы елдер қатарынан шығып, профициттік деңгейге өтеді.

Сол сияқты Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті табиғи газға ауыстыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл екі ЖЭО-ны толық көшіру осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бірнеше жүз миллиард теңге тұратын жобалар қаланың экологиясын айтарлықтай жақсарта түспек.

Ұзақмерзімді генерация балансын қалыптастыру үшін атом энергетикасын дамыту маңызды шешім болды.

АЭС құрылысы электр қуатына сұра­ныс арта түскен бүгінгідей жағдайда зиянды қалдықтардың ауаға таралуын азай­тып, генерация көздерін әртарап­тан­ды­руды қамтамасыз етеді.

Жоба, сонымен қатар, алдағы уақыт­тағы технологиялық дамудың, өндіріс­ті локализациялаудың және инженерлік кадр даярлаудың берік негізі болмақ.

Президент жариялаған «Таза Қазақ­стан» бастамасы жалпыұлттық идея­ға ұласты. Бүкіл ел бойынша миллион­даған адам экологиялық акция­ларға шығып, табиғи аймақтарды қоқыстан тазарту, көгалдандыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүздеген мың тонна қоқыс жиналып, миллиондаған ағаш көшеттері отырғызылды. Осы идея­ның арқасында экологиялық мәде­ниет қалыптасып, тазалық пен тәртіп күнделікті өмір салтына айналды.

Президент «Әркім өзінен бастауы керек» қағидатына өз тәжірибесімен үлгі көрсетіп келеді. Мемлекет басшысы қорша­ған ортаның ғана емес, адамның ой-санасының тазалығына да айрықша мән береді. Бұл бастама ел азаматтарының, әсіресе жастардың тарапынан қолдау та­уып, ауқымды қоз­ға­лысқа айналды.

Экологиялық күн тәртібінде Мемлекет басшысы су қауіпсіздігі мәсе­лесіне баса назар аударып отыр. Президент тапсырмасы бойынша қазір 20 жаңа су қоймасын салу, кемінде 15 мың шақырым ирригациялық каналды реконструкция­лау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Еліміздегі көлемді су айдындары – Каспий мен Арал теңіздерін сақтап қалу мәсе­лесі бірінші кезекке шықты. Елі­­­мізде аталған акваторияның өзекті мәсе­­ле­лерін терең зерделеу үшін Каспий теңізі­нің Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Жинақтап келгенде бұл экологиялық қауіп­сіздік пен табиғатты тұрақты пай­да­­ла­нудың кешенді тәсілін қалып­тастырады.

Жаһандық су ресурстары тақырыбын­­дағы маңызды мәселелердің бірі – мұз­дық­тарды сақтап қалу. Сарапшы­­лар­дың болжамынша, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтар көлемі айтар­лықтай кішірейеді. Президент осы мәселелерге де айрықша назар аударып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық деңгейде «Су мұнаралары серіктестігін» құру бастамасын көтерді, оның мақсаты – мұз­дықтарды зерттеу әрі қорғау үшін жаһан­дық зерттеу орталықтарының күш-жіге­рін біріктіру, сол арқылы гляцио­­­ло­­­­гия­­­лық ғылымды қолдауды ортақ бір жүйеге келтіру.

Әлеуметтік саясатта да сапалы реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бюд­жет­тегі әлеу­меттік мақсаттағы шы­­­ғыс­тар бұрын­ғы­сынша жоғары деңгейде сақталып отыр, мәселен, 2025 жылы республикалық бюджеттен аталған салаға 9,3 трлн теңге бағытталды, бұл жалпы шығыстардың 36,5%-ын құрайды.

Сонымен қатар қолдау көрсету философиясы да өзгертілді: көмек мақсатты, әділ әрі ынталандыратындай болуы керек. Ал кейінгі уақыттары қарқынды енгізіліп жатқан цифрлық құралдар үй шаруашылықтарының дамуын дәлірек бағалауға, тиімсіз төлемдерді қысқартуға және ресурстарды неғұрлым өзекті бағыт­­тарға қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Осы тұста кейінгі жылдары адами капиталға жұмсалатын инвестициялар айтарлықтай өсе түскенін айта кету керек: білім беру мен ғылымға салынған инвес­тициялар бес еседен асты, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсетуге 3,7 есе өсті. Маңызды көрсеткіштердің бірі – өмір сүру ұзақтығы, ол елімізде шамамен 76 жасқа жетті, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 3 жылға артық.

Өскелең ұрпақтың жағдайына да ерек­ше көңіл бөлініп келеді. Осы орайда «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – Прези­денттің маңызды бастамаларының бірі.

Бағдарлама шеңберінде қазақс­тан­дық балалардың шотына Ұлттық қор­дың инвестициялық кірісінен жыл сайын қаражат аударылады, оны әр бала 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақ­са­тында пайдалана алады. Бағдарлама жүзеге асы­­­­рыл­ған үш жыл ішінде еліміздегі жеті млн баланың шотына 2,5 млрд доллардан астам қаражат аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жыл­дарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағ­дар­ламасы бекітілді, ол Қазақстандағы бала­лардың құқықтары мен әл-ауқатын қам­тамасыз ету бо­йынша барлық қол­­­да­­­ныстағы және жоспарланған іс-шара­­­лардың басын біріктіреді. Аталған құжат елдегі әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі түрде қорғауды қам­­­та­масыз ететін орнықты мемлекеттік сая­саттың негізі болып табылады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтардың бірі – мектеп инфрақұрылымындағы қор­даланған проблемаларды жою. Осы мақ­сатта кейінгі жеті жылда 1 300-ден астам жаңа мектеп салынды, апатты және үш ауысымды білім ошақтарының саны айтар­лық­тай азайып, материалдық-тех­ни­калық база жаңартылды. Прези­дент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясын­да ғана 2023–2025 жылдары бүкіл еліміз бойынша ең жоғары халықаралық стан­­дарт­тарға сәйкес келетін 217 мектеп салын­ды.

TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің еңбек­ақы­­сымен қанағаттану деңгейі бойынша әлем елдерінің үздік бестігіне кірді. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Еліміздегі педа­­­гогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі тола­тынын айтты.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісі де кеңейіп, олардың қатары 12 мыңға жетті. Медициналық мекемелер саны 830-ға дейін артты, ал дәрігерлердің саны 83 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, еліміз ана өлімінің төмендеу қарқыны бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді: көрсеткіш тарихи минимумға дейін төмендеді.

Президенттің бастамасы бойынша 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылды, оның шеңберінде жыл са­йын экстра­корпоральды ұрықтандыру рәсім­де­рін жүргізуге 7 мың квота бөлінеді, бүгін­де бұл бағдарламаны 28 мың әйел пайдаланды. Бағ­дарлама іске қосылғалы 11 мың нәресте дүниеге келді.

Ғылым мен жоғары білімді дамыту Президент тарапынан техно­логиялық және экономикалық өсім­нің стратегиялық негізі ретінде қарас­тырылып отыр. Елі­мізде зерттеу уни­­вер­ситеттері мен ғылыми орта­­лық­тарды қолдау күшей­тіліп, ғылыми зерт­теулерге арналған грант­тар саны артып келеді.

Қазақстанда жетекші шетелдік универ­си­теттердің филиалдары мен өкілдіктері ашылып, бірлескен кампус­тар мен білім беру бағдарламалары құрылуда, бұл шетелге білім іздеп кетушілер қатарын азайтып, жаһандық ака­­­демиялық кеңістікке ықпалдасу үде­рісін кеңейтеді.

Мемлекет басшысы біздің алдымызға ғылымды өнеркәсіппен интеграциялау міндетін қойды. Олардың ішінде әзірлемелерді коммерцияландыру, университеттер жанынан ғылыми парктер мен инновациялық экожүйелер құру бас­тамалары бар.

Сондай-ақ бұқаралық спорт пен қолжетімді спорттық инфрақұрылымды дамыту – Президент саясатының басым бағыты санатында.

Өңірлерде жүздеген спорт нысандары бой көтеріп, жаңғырту жұмыстары жүргізілді, мыңдаған мектеп және аула алаңдары желісі жұмыс істейді, ал аза­­мат­­­тар­дың дене шынықтырумен жүйе­лі түрде айналысу деңгейі 45%-ға жетті.

Бұл ретте жаңадан салынған әлеу­­меттік және инфрақұрылымдық нысан­дар­дың бір бөлігі қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқанын атап өту аса маңызды. Өйткені бұл бюджетке салмақ салмай, өткір проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік берді.

с

Мәселен, денсаулық сақтау саласында 183 нысан қайтарылған қаражат есебінен салынды, бұл «Ауылда ден­саулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасын» жүзеге асыру қарқынын арттыруға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бүгінде Ұлттық жоба аясында еліміздің ауылдық елді мекендерінде жаңадан бой көтерген 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, осы қаражат есебінен Шығыс Қазақстан облысындағы көпсалалы ауру­хана мен Гематология орталығының, Маңғыстау облысындағы жедел медици­­налық жәрдем станса­сының, Қарағанды облысындағы онко­логиялық диспансердің опера­ция­лық-реанимациялық блогінің және басқа да ірі медициналық орталық­тардың құры­лысы жүріп жатыр.

Ел экономикасына қайтарылған қаражат есебінен 227 сумен қамтамасыз ету нысаны реконструкциялан­ды.
Сондай-ақ мектептердің, спорт нысан­да­­рының құрылысына, коммунал­дық инфра­құрылымға және басқа да әлеу­меттік маңызы бар жобаларға қара­жат жұм­салуда. Тағы бір жарқын мысал ретін­де былтыр пайдалануға беріл­ген Kokshe Arena көпсалалы спорт кешенін және Ақмола облысының Зеренді ауы­лында жаңадан салынған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, Пет­ро­павл­дағы балабақша ғимаратын, Түркістан облы­сындағы музыка мектебін айтуға болады. Мұндай нысандар еліміз­дің әр өңірінде бар.

Айта кету керек, активтерді қайтару саясаты тек заң аясында жүзеге асырылады және міндетін адал атқаратын заңды кәсіп­кер­лік қызметке ешқандай әсер етпейді.

Қаражатты ашық әрі мақсатты пайдалану болжамды іскерлік ортаны қа­лып­тастырып, инвестициялық тартым­дылықты нығайту құралы ретінде инвес­торлардың сенімін арттыра түседі.

Мемлекеттік басқару жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алды. Бюд­жет және салық саясаты біртіндеп тұрақ­та­лып келеді, ортамерзімді жоспарлау тетіктері күшейтілді, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау құралдары енгізілді. Бюджет процесі нәтижеге және даму басымдықтарына бағдарланып отыр, бұл шығыстарды әлеуметтік-экономикалық мақсаттармен байланыстыруға мүмкіндік береді.

Салық реформасы – уақтылы қабыл­данған шешім болды. Ол қорда­ланған мәселелердің жауабын табуға жол ашты. Салық реформасы айқын әрі әділ жүйені қалыптастыруға, бизнестің жасанды түрде бөлшектену мүмкіндіктерін азайтуға және адал әрі әділ бәсекелестікке жағдай жасауға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салық қызметі бизнес және азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшуде: салық қызметтерін цифрландыру, тәуекелдердің алдын ала отырып қадағалау және есеп беруді автоматтандыру, фискалдық тұрақ­ты­­лықты қолайлы әрі болжамды ортамен үйлестіре отырып, адал салық төлеу­шілерге жүктемені азайтады.

Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласында Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Заң мен Тәртіп» қағидаты басты орында тұр.

Аталған ұстаным қоғамдық қауіпсіз­дік пен құқық үстемдігіне толық кепілдік береді әрі Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарты болып табылады.

Азаматтардың, қоғамның және мем­ле­кеттің құқықтары мен заңды мүд­делерін қорғау – басты басымдық. Бү­гінде құқық қорғау жүйесін жаң­ғыр­ту, оның жұмы­­сы­ның ашықтығын арттыру бойынша жүйе­­лі жұ­мыстар жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, озық цифрлық шешімдер енгізілуде, сервистік полиция практикасы дамып, кадрлық әлеует нығайтылып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен цифрлық трансформация жүзеге асуда. 2019 жылдан бері Қазақстан жеке­леген қызметтерді цифрландыру­­дан бастап, оның кең ауқымды моде­­­ліне дейінгі жолдан өтті. Бұл инфрақұрылымдағы маңызды тетіктердің қатарында мемлекеттік органдар мен жекеменшік сервистер арасында деректер алмасуды қамтамасыз ететін және цифрлық бизнес модельдері мен қар­жылық техникалық шешімдер үшін ашық экожүйені қалыптастыратын Smart Bridge интеграциялық платформасын айтуға болады. Цифрландыру біздің мем­­ле­кетке азаматтарға проактивті формат­та қызмет ұсынып, қолдау көрсетуге мүм­кін­дік берді.

Цифрландырудың экономикалық әсерін бюджет шығыстары мен әлеуметтік қол­­­даудың тиімділігін арттыру арқылы бай­­­қауға болады. Қазақстан БҰҰ EGDI индек­сінде 193 елдің ішінде 24-орында тұр және онлайн-сервистер деңгейі бойынша әлем­­дік көшбасшылардың ондығына кіреді.

Бұған қоса, Президент бастамасымен Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы құрылды, ол қазірдің өзінде зерт­­­­теушілерді, стартаптар мен новатор­лар­ды тарту алаңына айналып үлгерді.

Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Үкімет экономика мен мемлекеттік басқарудың барлық саласына озық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге бағыт­талған Digital Qazaqstan стратегиясын әзірлеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қо­лына алған жеті жыл дағдарыстарға жедел әре­кет етуден жүйелі дамуға көшу кезеңі болды: экономика анағұрлым әр­та­раптан­дырылған, инвестициялар ор­нықты, инфрақұрылым барынша сенімді, әлеу­меттік саясат мейлінше тиімді бола түсті.

Осынау батыл қадам Қазақстанға инс­ти­ту­ционалдық тұрғыда қалыптасқан мо­дель мен ұзақмерзімді басымдықтарға сүйе­­не отырып, болашаққа сеніммен қа­рау­ға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан дамудың тарихи кезеңінде тұр. Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен кең ауқымды ашық талқылау қорытындысы бойынша сарап­шы­лардың және ғылыми қауым­дас­тық­тың, қазақстандық қоғам­ның бар­лық сала өкіл­­дерінің пікірі еске­рілген еліміздің түбе­гейлі жаңа Конс­ти­ту­ция­­­­сының жоба­сы әзірленді.

Жаңа Ата заңымыздың басты ерек­шелігі — оның өршіл рух пен кемел келе­шекке деген ұмтылысында. Құжат халық­тың арман-мұратымен үндесіп жатыр. Онда мемлекеттің ең жоғары лауа­зымды тұлғасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Респуб­ли­касы ұзақмерзімді тұрақты дамуы­ның берік негізін қалап, бірнеше буын ұрпақтың амандығы мен қауіпсіз өмірін қам­­тамасыз етудегі ерік-жігері айқын көрі­ніс тапқан.

Мен еліміздің азаматтары дұрыс таңдау жасап, Мемлекет басшысының бас­­­тамасын қолдап, Қуатты, Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға өз үлесін қосатынына сенімдімін.

Олжас БЕКТЕНОВ,

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

egemen.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.