Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев ҮЕҰ өкілдерімен кездесті

0 84
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай өңірдің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Өңір басшысы үкіметтік емес ұйымдардың қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, олардың ел дамуы жолындағы сенімді серіктеске айналғанын атап өтті.
– Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің оң шешімін табуға белсенді атсалысып келеді. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуда, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуде және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда еңбектеріңіз орасан. Көпшілігіңіз өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси науқандарға белсене қатысып, ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбіршіліктің артуына үлес қосып жүрсіздер. Бұл үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Бастамаларыңыз бен ұсыныстарыңыз әрдайым қолдауға лайық, – деді облыс әкімі.
Жиында конституциялық реформаға, соның ішінде жаңа Ата Заң жобасын түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылды. Аймақ басшысы облыс тұрғындарына жаңа Конституция мәтінін кеңінен таныстыру мақсатында 35 спикерден құралған ақпараттық-насихаттық топ құрылғанын, сондай-ақ 11 халықтық штаб жасақталғанын жеткізді. Жиналғандарды ел болашағы мен жас ұрпақтың ертеңі үшін жүзеге асырылып жатқан маңызды бастамаларға қолдау көрсетуге шақырды.
Салтанатты жиын марапаттау рәсімімен жалғасты.
Атап айтқанда, Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ Қызыл Ай қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Сандуғаш Қырғызбаеваға, Тараз қалалық мүгедектер қоғамы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айжан Төлепбергеноваға және Жуалы аудандық іскер әйелдер қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нүрилә Мәлібековаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Бұдан бөлек, Еркін пікір жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдана Бекмырза мен Қазақстанның болашағы үшін қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарбай Керімбай облыс әкімінің Алғысхатына ие болды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.