Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Т.Рысқұлов ауданында инфрақұрылым қарқынды дамып келеді

Ауызсу мәселесі толық шешілді

0 46
Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елді мекендерді таза ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырма толық орындалды. Өткен жылдың соңында бірнеше ауылда жаңа су нысандары іске қосылып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асты.

Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Р.Сәбденов ауылында ұзақ жылдар бойы шешілмеген ауыз су мәселесі түбегейлі реттелді. Құны шамамен 1 миллиард теңгеге жуық жобаны мемлекеттік бюджет қаржыландырып, құрылыс жұмыстарын «Таразстрой – 2004» ЖШС жүргізді. Нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, тұрғындар игілігіне берілген жобаның маңызын атап өтті.

Соңғы екі жылда ауылда спорт кешені мен медициналық пункт салынса, енді таза ауыз суға қол жеткізу – жергілікті халық үшін тағы бір маңызды жетістік болды. Сонымен қатар, Шөңгер ауылында «Темір Строй Сервис» ЖШС салған су жүйесі арқылы 230-дан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды.

Ал жиырма мыңнан астам тұрғыны бар Құлан ауылында жаңа су имараты пайдалануға берілді. Арай тұрғын алқабы маңында орналасқан нысанның құны 559,5 миллион теңгені құрады, ал құрылыс жұмыстарын «Sat Construction» ЖШС атқарды. Бұл – ауылдағы екінші су нысаны, ол әсіресе жаз мезгіліндегі су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Сөгеті мен Мамай ауылдары да ауыз сумен қамтылып, нәтижесінде аудан бойынша тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетті.

Сонымен қатар, аудан әкімі Ернар Есіркепов Жаңатұрмыс ауылдық округінде тұрғындармен кездесу өткізіп, әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады. Соңғы жылдары ауылда газдандыру, жаңа дәрігерлік амбулатория, спорт кешені мен ауыз су жүйесінің құрылысы жүзеге асқан. Қазіргі уақытта мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр, биыл аяқталады деп жоспарланған. Көшелер асфальтталып, жарықтандыру жүйелері орнатылған. Тұрғындар мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарына ризашылық білдіріп, «Құлыншақ» балабақшасын жаңарту мәселесін көтерді. Бұл мәселе бақылауда екені айтылды.

Халықпен кездесу Құмарық ауылында да өтті. Жиында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар талқыланды. Мәселен, «Сарым» шаруа қожалығы тау бөктерінде демалыс аймағын салып жатыр. Сонымен қатар округ ауылдарында мектептер күрделі жөндеуден өтіп, көшелерге асфальт пен жарықшамдар орнатылған, балалар бақшасы жұмыс істейді.

Аудан бойынша көшелерді жарықтандыру деңгейі 89 пайызға, газбен қамту көрсеткіші 93 пайызға жеткен. Таза ауыз сумен қамту мәселесі толық шешілген. Жиын соңында тұрғындар ағын су мәселесі мен өзге де тұрмыстық сұрақтарды көтеріп, аудан басшылығы оларды кезең-кезеңімен шешу жалғасатынын мәлімдеді.

Жалпы алғанда, ауданда іске асқан инфрақұрылымдық жобалар ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.