Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл облысында жол сапасы жаңа деңгейге көтерілді

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 99,5 пайызға жетті

0 48
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары Жамбыл облысында жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әсіресе көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, жол сапасын арттыру, цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берді.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. 2025 жылы автожол саласында 182 жоба іске асырылып, 460,2 шақырым жол қайта жаңғыртылып және жөнделді. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар автожолдардың 99,5 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілді. Ал көше-жол желісінің көрсеткіші 89 пайызға жетті.

Тараз қаласын дамытуға арналған арнайы жоспар аясында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – Абай даңғылы бойында теміржол үстінен өтетін автомобиль көпірінің құрылысы. Бұл жоба қаладағы көлік ағынын жеңілдетіп, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа тұрғын үй алқаптарын орталықпен байланыстыру үшін 50 шақырым жаңа жол салынып, 10,3 шақырым болатын үш көше қайта жаңғыртылды. 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолы төселіп, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделді.

Қоғамдық көлік саласында да оң өзгерістер бар. Соңғы екі жылда Тараз қаласына 271 заманауи автобус сатып алынып, автопарк 82 пайызға жаңартылды. Жол диагностикасы жасанды интеллект технологиялары арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар республика бойынша орнатылып жатқан 220 автоматтандырылған өлшеу стансасының 71-і іске қосылған. Бұл жол жабынының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Теміржол, әуе және су көлігі салалары да қарқынды дамуда. Еліміз бойынша транзиттік тасымал көлемі артып, халықаралық бағыттар кеңеюде. Бұл Жамбыл облысының да транзиттік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев цифрлық мемлекет құру, киберқауіпсіздікті күшейту және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеп, тиісті басқармаларға жүйелі талдау жүргізуді тапсырды.

Жалпы, жол сапасының 99,5 пайызға жетуі – Жамбыл облысында инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, инвестициялық тартымдылықты күшейтіп, экономикалық өсімге негіз қалайды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.