Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жастарға конституциялық реформалардың маңызы түсіндірілді

0 46

Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Парасат» колледжі базасында «Қазақстандағы конституциялық жаңа өзгерістер» атты студенттермен кездесу өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға еліміздегі конституциялық реформалардың мәні мен маңызын түсіндіру, енгізілген өзгерістердің қоғам дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғанын кеңінен насихаттау болды.

Кездесу барысында спикерлер Конституцияға енгізілген жаңашылдықтарға тоқталып, олардың демократиялық қағидаттарды нығайтуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту және халықтың шешім қабылдау процестеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Іс-шараға 30-ға жуық студент қамтылып, олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық белсенділігін күшейтуге және ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыруға оң әсерін тигізді.

Шара соңында ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтіп, жастарды қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.