Қалалық қоғамдық-саяси газет

Спорттағы сұлулық

0 759

«Тараз-Арена» спорт кешенінде «Jambyl» телеарнасының 30 жылдық мерейтойына орай көркем гимнастикадан республикалық ашық турнир өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының Жамбыл облыстық филиалы бірлесе ұйымдастырған жарысқа еліміздің 14 өңірі мен көршілес Қырғызстан пен Өзбекстаннан келген 600-ге тарта гимнастшы қатысты.
– Тараз қаласында биыл өткізіліп жатқан ашық турнирдің ерекшелігі сайыс «Jambyl» телеарнасының 30 жылдығына арналып отыр. Биылғы дода халықаралық сипат алып тұр деуге болатындай. Себебі көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан да жас гимнастшылар қатысып жатыр. Бұл – өңір спорты үшін қуанышты жағдай. Дәл осындай спорттық сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз, – деді «Jambyl» телеарнасы басшысының орынбасары Алпамыс Қазыбаев.
Турнир 2019 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2000-2014 жылы туылған гимнастшылар арасында жеке бағдарламада және топтық жаттығуларда жасөспірімдер бағдарламасы бойынша халықаралық ережелер бойынша өткізілді.
– Спорттағы сұлулық десе, алдымен көркем гимнастика еске түседі. Өйткені әдемі жүріс, ерекше киім үлгісі, ырғақпен қозғалыс сынды дүниенің барлығы аталмыш спорт түрінен табылады. Гимнастиканың басты мақсаты спортшының физикалық даярлығын жақсарта түсу деген түсінік қате. Себебі бапкер шәкіртінің дене бітімімен қатар баланың бойындағы сенімділігін арттыруға, тіпті өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға барын салады. Бүгінде көркем гимнастиканың ең қолжетімді түрі йога мен фитнес болып табылады, – дейді сайыстың бас төрешісі, көркем гимнастикадан облыстық құраманың бас жаттықтырушысы Елена Сизикова.
Екі күнге созылған сайыста сымбаты мен спорттық бабы келіскен қыздар өз шеберліктерін танытып, өнерлерін паш етті. Байрақты бәсекеде бабы келісіп, бағы шапқан жеңімпаздар медаль және дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, бүгінде облыста жаттығатын 123 бұрымдының ішінде 14 гимнастшы ұлттық құраманың сапында өнер көрсетуде.
– Биылғы турнирде 14 облыстан 600-ден аса спортшы өнер көрсетті. Ал байқаудағы ең жас гимнастшы 6 жаста. Демек, гимнастикаға әуес жастардың қатары артып келеді деген сөз, – дейді Тараз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.