Қазіргі кезең – еліміздің қоғамдық-саяси дамуындағы жауапты әрі тарихи белесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 ақпанда жаңа Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылауға ұсынып, 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел тағдырына қатысты маңызды шешімді халықтың өзіне сеніп тапсырудың айқын көрінісі.
2026 жылғы 21 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығымен 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Тоқбергенұлы Нұралиевтің енгізілуі – өңіріміз үшін үлкен жауапкершілік пен сенім.
Мәдениет және өнер саласы өкілдері қатысқан бүгінгі жиында жаңа Конституция жобасының мазмұны, оны әзірлеу барысындағы негізгі бағыттар мен басымдықтар кеңінен талқыланды. Руханият өкілдері – қоғамның ой-санасына ықпал ететін, елдік құндылықтарды насихаттайтын маңызды күш. Сондықтан олардың мұндай тарихи кезеңдегі азаматтық ұстанымы мен пайымы айрықша мәнге ие.
Кездесуде А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының артисі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі – Сейілхан Асқарбек Ақылшаұлы және М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚР Мәдениет қайраткері – Айгүл Кабиқызы Кабиева референдумға белсенді қатысу – әрбір азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі екенін атап өтті. Жаңа Конституция ел бірлігін нығайтып, тұрақтылықты бекемдеуге және мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашуға бағытталған маңызды құжат екені айтылды.
Референдум – бұл жай ғана саяси науқан емес, мемлекетіміздің келешек даму бағдарын айқындайтын тарихи таңдау. Әрбір азаматтың белсенді қатысуы – отаншылдықтың, ел болашағына деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.
Баршамыз жаңа Конституция жобасын қолдай отырып, алдағы референдумға қатысу арқылы еліміздің тұрақты дамуына және жарқын болашағына өз үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл – келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік.